Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жәрмеңке: Қостанай облысы астанаға 50 тонна ет алып келеді

2021 жылдың 14 қазан 2021 07:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 16-17 қазан күндері Нұр-Сұлтанда Қостанай облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, жәрмеңке «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанындағы алаңда өтеді.

Екі күн ішінде облыстың 14 ауданы мен 3 қаласынан 50-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынады. Оның ішінде: Алтынсарин, Әулиекөл, Денисов, Жітіқара, Қарабалық, Қарасу, Қамысты, Қостанай, Меңдіқара, Наурызым, Сарыкөл, Таран, Федоров, Ұзынкөл аудандары және Арқалық, Рудный, Қостанай қалалары бар.

Облыс кәсіпорындары 270 тонна көлемінде 100-ден астам өнім түрлерін: 50 тонна ет, 31 тонна сүт өнімдері, 20 тонна шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар, 27 тонна жарма мен макарон өнімдері, 60 тонна картоп пен көкөніс, 20 тонна ұн өнімдерін алып келеді.

Сондай-ақ, сатылатын өнімдердің ассортиментіне нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, бал және басқалар кіреді.

Бағалар нарықтық бағадан 10-15% төмен болады.

Айта кетейік, биыл елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында көкөністер мен жемістердің пісу мерзімін ескере отырып, 14 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Олар 31 қазанға дейін жалғасады.

21 тамыздан бастап бүгінге дейін астанаға Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Маңғыстау облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері жәрмеңкемен келген болатын.


Жоғары қарай