Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жапонияда Қазақстанды зерттеу жөніндегі сарапшылар қауымдастығы құрылды

2020 жылдың 10 маусым 2020 17:26

ТОКИО. ҚазАқпарат – Жапонияда Қазақстанды зерттеу жөніндегі сарапшылар қауымдастығы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

«Бүгін Қазақстанды зерттеу жөніндегі сарапшылар қауымдастығын таныстыруға арналған отырыс барысында «Бүгінгі Қазақстан: сабақтастық және даму болашағы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Қауымдастық құрамына Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту үшін зерттеулер жүргізуге және сараптамалық-консультативтік қолдау көрсетуге ниетті жапондық ғылыми, академиялық және іскер қоғамдастықтар, БАҚ және ҮЕҰ өкілдері кірді. Олардың арасында Жапонияның Қазақстанда әр жылдары қызмет атқарған елшілері, «Васэда», «Рицумейкан», «Тейкё» және «Мусашино» университеттерінің профессорлары бар», - делінген ақпаратта.

Мәлім етілгендей, қауымдастықтың алғашқы отырысында жапондық сарапшылар Қазақстан Республикасындағы қазіргі ахуалды, оның ішінде коронавирусқа қарсы күрес пен экономикалық дамуды қалпына келтіру мәселелерін талқылады.

«Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев іс-шараға қатысушыларды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауының негізінде Қазақстанда өткізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырды.

Орталық Азия үшін бірегей болып саналатын биліктің сабақтастығы сарапшылар талқылауының басты назарында болды. Егеменді мемлекеттің қалыптасуына зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттіліктің басты шарттарының бірі – билікті конституциялық жолмен табыстаудың негізін қалады», - деді ҚР СІМ-нен.

Қазақстанды зерттеу жөніндегі сарапшылар қауымдастығының төрағасы, «Рицумэйкан» университетінің құрметті профессоры Кэй Карасава баяндама жасаған. Ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуын және азаматтық қоғаммен жаңа диалог алаңы ретінде құрылған, әлеуметтік және экономиалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін – Ұлттық қоғамдық кеңестің жұмысын жоғары бағалады.

Жапонияның ҚР-дағы бұрынғы Елшісі (2003-2005 жж.) Тосио Цунодзаки ұлттық экономиканы қолдау, халық табысын сақтау және эпидемиядан кейінгі қалпына келтіру шаралары бойынша Қазақстанның оң әлеуетін атап өткен.


Жоғары қарай