Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы көпшіліктің талқылауына шығарылды

2020 жылдың 4 тамыз 2020 15:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология министрлігі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын талқылауға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

5 тамызда, сағат 11.00-де ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары әзірлеген заң жобасын қоғамдық талқылауды өткізеді. Бүгінгі таңда бұл құжат Үкіметтің қарауында.

«Қазақстанда жануарларды қорғау туралы жаңа заң жобасының қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетілген. Елімізде барлық жануарларға, оның ішінде үй, жабайы және ауылшаруашылығы жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы бірде-бір заң жоқ. Жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар туралы әлеуметтік желіде жиі жазылады. Алайда, бүгінде Қазақстандағы жануарларға қатігездік көрсеткені үшін тағайындалатын жаза жеңіл. Сонымен бірге, тәжірибе көрсеткендей, жануарларға қатыгездікпен қарау адамдарға қатысты қатыгездік қылмыстан 5 есе, мүлік қылмысынан 4 есе көп», делінген министрлік таратқан хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолданыстағы заңнамада жануарларға арналған баспана ұғымы және оларды салу стандарттары, үй жануарларын серуендету және күтіп ұстау ережелері жоқ. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелері қалалар мен елдімекендерде әртүрлі.

«Далада иттерді атуды көпшіліктің сынға алуда. Жануарлардың құқығын қорғаушылар оның орнына жануарларға арналған баспана құрып, мысық мен итті зарарсыздандыруды ұсынады. Кейбір адамдар үй жануарларын далаға тастап, оларды ұзақ уақыт тамақсыз, сусыз қалдырады. Уақтылы ветеринарлық көмек көрсетпейді және т.б.

Республикамыздағы өткізілетін иттердің төбелесі де этикалық тұрғыда қайта қарауды қажет етеді. Кейбір хайуанаттар бағындағы және цирктердегі жануарларды күтіп-ұстау ережелерінің қаталдығы азаматтардың ашу-ызасын тудыруда», делінген хабарламада.

Жалпы, жануарларға қатігездікпен қарау мәселесі күрделі. Ол балалар тәрбиесімен, педагогика, этика, ақпараттық, қоршаған ортаны қорғау және қылмыстық-атқару саясатымен тығыз байланысты.

«Сондықтан бүгінде мемлекет, бірінші кезекте, хайуанаттар бағындағы жануарларды ұстауға қойылатын талаптарды қатайту, жануарларды қорғаудағы азаматтық бастамаларды қаржыландыру, сонымен бірге зоологиялық волонтерлікті қолдау және мектеп оқушылары мен студенттер арасында жануарларға жауапкершілікпен қарау идеясын ілгерілету үшін шаралар қабылдайды.

Өз кезегінде, Экология министрлігі халықтың осы мәселе бойынша барлық ұсыныстарын қарауға және заң жобасын талқылау кезінде ескеруге дайын», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа зиянын тигізген заңбұзушыларға салынатын айыппұл құнын ұлғайтуды тапсырды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізіледі.

Айта кетерлігі, Қазақстанда қарақұйрықты сақтау жобасы іске қосылды. Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмек.



Жоғары қарай