Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жандос Қиянов: Паралимпиада ойындарында басты мақсат – ел үмітін ақтау

2021 жылдың 15 тамыз 2021 14:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 24 тамыз – 5 қыркүйек аралығында Токио (Жапония) қаласында XVI жазғы Паралимпиада ойындары өтеді, онда еліміздің атынан 25 спортшы 7 спорт түрінен қатысады.

Соның ішінде пара дзюдо спорт түрінен 6 спортшы жолдама ұтып алды. Еске сала кетейік, пара дзюдо спортымен көз көру қабілеті нашар немесе көзі көрмейтін спортшылар айналысады.

Пара дзюдодан Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Жандос Қиянов Паралимпиада ойындарының алдында спортшылардың дайындығы жөнінде сұхбат берді.

- Токио-2020 Паралимпиада ойындарына Қазақстан тарапынан қанша пара дзюдошы қатысады?

- Алда келе жатқан Паралимпиада ойындарына елімізден 6 пара дзюдошы қатысады. Олардың қатарында Жанбота Аманжол (90кг), Теміржан Дәулет (73кг), Әнуар Сариев (60кг), Ғалымжан Смағұлұлы (81кг), Даяна Федосова (57кг) және Зарина Байбатина (+70кг) бар. Бұлар біздің мықты деген спортшыларымыз, әрқайсысы халықаралық додалардың жеңімпаздары. Мысалы, Теміржан Дәулет өткен жылы Тблисиде өткен Әлем Кубогінің жеңімпазы, Әнуар Сариев Рио паралимпиадасының қатысушысы.

- Паралимпиада ойындарында қандай нәтиже күтесіз және кімге үміт артасыз?

- Біздің басты мақсатымыз - Қазақстан Туын көкке көтеріп, еліміздің Әнұранын өзге елдердің алдында шырқату. Паралимпиада ойындарына жолдама алудың өзі үлкен мәртебе. Осы ойындарға жолдама алу үшін спортшыларымыз талай сындардан өтіп, талай додалардан жеңіп шықты. Тек осы 2021 жылдың жетістіктерін алатын болсақ, Жанбота Аманжол, Ғалымжан Смағұлұлы және Даяна Федосова Ұлыбританияда өткен Гран – При жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Баку қаласында өткен Гран-Приде Әнуар Сариев пен Жанбота Аманжол үздік өнер көрсетіп қола жүлделерге ие болды. Ал, Зарина Байбатина мен Ғалымжан Смағұлұлы Анталия қаласында өткен халықаралық турнирден алтын мен күміс медальді қанжығасына байлап әкелді. Бұл тек осы жылдың ірі жетістіктері ғана. Жетістіктерін айта берсек толып жатыр. Сондықтан алдағы Паралимпиада ойындарына әрқайсысына артатын үмітім зор.




- Паралимпиада ойындарына соңғы дайындық кезеңдері қалай және қайда өтіп жатыр?

- Пара дзюдо құрама командасы Токио-2020 Паралимпиада ойындарына қарқынды дайындық жұмыстарын өткізуде. Біз қазір Алматы облысында пара дзюдошылар мен жаттықтырушыларды бір жерде жинап, оқу - жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Оқу – жаттығу жиынына келген бойда ПЦР тестін тапсырып, үш күндік карантинде болдық. Спортшылардың денсаулығына аса көңіл бөліп, Covid-19 вирусына қарсы барлық іс-шараларды қадағалап жүрміз. Паралимпиада ойындарына ама- есен барып, үздік өнер көрсету басты мақсатымыз.

- Паралимпиада ойындарында басты қарсыластарыныз кімдер және қай елден болады?

- Қазіргі таңда пара дзюдо барлық елдерде қарқынды дамып келеді. Сондықтан бөліп-жарып ешкімді атай алмаймын. Жалпы, Паралимпиада ойындарына әлемдік рейтинг бойынша ең мықты деген спортшылар ғана қатысатыны белгілі, осалы жоқ. Дода тартысты болары сөзсіз. Ең бастысы, біздің спортшылар ешкімнен де кем емес және жоспар бойынша жақсы дайындалып жатқандығын ғана айта аламын.

- Қазақстандағы пара дзюдо жағдайы қалай? Елімізде пара дзюдомен айналасатындар саны көп пе?

- Елімізде пара дзюдо саласы ұдайы үрдіспен дамып келеді. 2015 жылы Қазақстан Пара дзюдо федерациясы құрылды. Қазір пара дзюдомен еліміздің 11 облысы мен 3 қаласында 29 бапкерде 100-ден астам спортшы дайындалып жүр. Спортшылардың жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Пара дзюдо спортының дамуын осы келе жатқан Паралимпиада ойындарына ұтып алған жолдама саны арқылы да көруге болады. 2016 жылы Риода өткен Паралимпиада ойындарына 2 палуанымыз барса, Токио – 2020 ойындарына 6 палуан жолдама алды.

- Әңгімеңізге рақмет!





Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Олимпиада, Спорт,
Жоғары қарай