Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жаназа мен құдайы асқа қатысқанда қандай ережені сақтау қажет - ҚМДБ

2020 жылдың 3 шілде 2020 10:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров жаназа намазы мен құдайы асқа қатысқанда қандай ережені сақтау қажеттігін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізді дүрліктірген індеттің қаупі күннен-күнге өршіп бара жатқаны өздеріңізге мәлім. Ауру айтып келмейді. «Сақтансаң - сақтаймын» демекші төрткүл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлық таныту өзіміз үшін ғана емес жанымыздағы жандардың өміріне де кері әсерін тигізері хақ. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің мұсылман қауымын жаназа намазы мен құдайы асқа қатысудың келесідей ережесін сақтауға үндейді. Бірінші жаназа намазына қатысты талаптарды орындауға: жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуына; жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуына; жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға; бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауына; жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды, атап айтқанда бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық сақтауға шақырады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу керек.

Одан бөлек, мына талаптарды сақтау қажет:

- жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;

- жаназа намазы барысында қол алысып амандаспау;

-жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;

- қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;

- жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер мен әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспауы тиіс;

- қонақ асын өткізуге болмайды;

- жаназадан кейінгі асты өткізбеу немесе отбасы мүшелерімен шектелу керек.

«Құдайы асқа - жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқаға қатысты талаптарды міндетті түрде орындаған жөн», - деді наиб мүфти.


Жоғары қарай