Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жаңарған Қордай: Жаңа мектептер, тұрғын үйлер салынып, газ құбыры тартылады

2020 жылдың 29 мамыр 2020 18:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Қордай тұрғындарына көрсетіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық шараларды айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл аудандағы 387 әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысанды жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 21 млрд теңге бөлінді. Олар «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», Жұмыспен қамтудың жол картасы және Өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында жүргізіледі.

«Аудандық маңызы бар жолдар жөнделіп, ұзындығы 7,5 шақырым болатын «Ауқатты - Бәйтерек» автожолы салынып жатыр. 60 пәтерлі үш үй мен 50 пәтерлік бір тұрғын үй құрылысы басталды. Үш ауылда – Масаншы, Күнбатыс, Қолғатыда 930 орындық үш жаңа мектеп салынады. Олардың жалпы құны 2 млрд 400 млн теңгені құрады. Қордай, Бетқайнар, Отар, Әлжан ана ауылдарында 4 жаңа спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында.

Қордай ауылында жалпы ұзындығы 53 шақырым болатын көшелер жөндеуден өтеді. Қаракемер, Сортөбе, Масаншы, Бұлар батыр ауылдарында жалпы саны 254 шақырым жол жөнделмек.

«Үш ауылдың тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етіліп, Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр ауылдарында денсаулық сақтау нысандары қайта жөнделеді. Бес елді мекен - Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батырда газ құбыры тартылып, 56 мың тұрғын жыл соңына дейін газбен қамтылады. Барлық жобалар ауданның экономикасы мен инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Жылдар бойы халықты толғандырып келген мәселелер жыл соңына дейін шешіледі», - деді Е. Жылқыбаев.

Аталған мемлекеттік бағдарламалар аясында 3 208 жаңа жұмыс орны құрылады. Оған негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылады.

Бұған дейін спикер ауданда зардап шеккен 65 нысанның 54-інде қалпына келтіру жұмыстары басталғанын хабарлады.

Асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты, қайтыс болған жандардың отбасыларына ай сайын орта есеппен 55 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, төленіп жатыр.

Еске сала кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масаншы ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды.

Оқиға орнында 8 адам, ауруханада 2 адам көз жұмды.

Жамбыл облысының Қордай ауданында ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» атты жаңа жоба қол алынды.


Жоғары қарай