Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жаңадан құрылатын облыс тұрғындарына құжаттарын қайта ресімдеу қажет пе

2022 жылдың 29 наурыз 2022 13:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жаңа өңірлердің құрылуына байланысты жеке және заңды тұлғаларға бұрын берілген құжаттарын қайта ресімдеудің қажеті жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру департаментінің атап өтуінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру туралы шешім қабылданды. Қолданыстағы заңнаманың ережелеріне сәйкес бұл реформалар жылжымайтын мүлікке және заңды тұлғаларға құқықтарды тіркеу саласында бұрын берілген құжаттарды қайта ресімдеуді талап етпейді.

«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңның 6-бабының 2-тармағында елді мекендер атауының, көшелер атауының, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірінің (мекенжайының) өзгеруін, кадастрлық нөмірлердің өзгеруін тіркеу Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты құқық иеленушіге жүктелмейді және өтеусіз жүзеге асырылады.

Осылайша, жаңа облыстардың құрылуы, елді мекендердің қайта аталуы меншік иелерін құқық белгілейтін (мысалы: сатып алу-сату, сыйға тарту шарты, пайдалануға қабылдау актісі, әкімдіктің қаулысы және басқалары) және сәйкестендіру құжаттарына (жер учаскесіне акті, жылжымайтын мүлік объектісіне техникалық паспорт) осындай өзгерістер енгізу үшін тіркеуші органға жүгінуге міндеттемейді.

Елді мекен атауының өзгеруі және жылжымайтын мүлік объектісі мекенжайының басқа да деректемелері (көше атауы, ғимараттың, үй-жайдың реттік нөмірі) «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесімен интеграциялық өзара іс-қимыл шеңберінде «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» Мемлекеттік дерекқорында автоматты түрде жаңартылады», - деп атап өтеді департаменттен.

Ведомство мәліметінше, «Құқықтық актілер туралы» заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын нормативтік құқықтық актілердің кері күші болмайды. Осыған байланысты заңды тұлғалардың облыстардың, елді мекендердің бұрынғы атауы көрсетілген ресми құжаттары өзінің заңды күшін жоғалтпайды.

Жаңа облыстардың құрылуы құрылтай құжаттарын (жарғыны, сатып алу-сату шарттарын және т.б.), сондай-ақ мөрді қайта ресімдеу жөнінде әділет органдарын хабардар ету жөнінде заңды тұлғалардың өкілдеріне міндет жүктемейді.

Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер актілік жазбалармен дәлме-дәл сәйкестендіріліп жазылады. Жергілікті жерлердің атауы сол кезде болған әкімшілік-аумақтық бөлініске сәйкестендіріліп көрсетіледі, ал мемлекеттік тіркеу орны – осы жергілікті жерде қазіргі әкімшілік бөлініс бойынша қызмет көрсететін тіркеуші орган көрсетіледі.

Құжаттарда елді мекеннің бұрынғы атауын көрсету олардың жарамсыздығына әкеп соқпайды. Құжаттарды ауыстыру олардың жарамдылық мерзімі өткен жағдайда немесе олар жоғалған жағдайда жүзеге асырылады.


Жоғары қарай