Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 33 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жаңаарқа тұрғындары науқастар мен дәрігерлерге қымыз жинауда

2020 жылдың 14 шілде 2020 18:46

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тұрғындары қымыз бен саумал жинап, бұл өнімдерді өңірдің медициналық мекемелеріне жіберуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл сусындар иммунитетті сақтау үшін аса пайдалы.

Жаңаарқалықтар облыс стационарларының емделушілері мен медициналық қызметкерлері үшін қымыз мен саумал жинау бойынша арнайы науқан ұйымдастырды. Осылайша, еріктілер бірнеше қайырымдылық іс-шараларын өткізді. «Біз біргеміз» акциясы аясында бес ауылдық округте 1 600 литр саумал мен 1 700 литр қымыз жиналды. Сүт сусындары аудан ауруханаларына, сондай-ақ Қарағанды және Жезқазған медициналық мекемелеріне жеткізілді.

«Жаңаарқа жастары ауылдан ауылға жүріп, шипалы қасиеттерге толы қымыз сусынын жинауда. Оны біз Қарағанды облысының барлық ауруханаларына жеткіземіз. Бұл сусындар науқастардың қалпына келіп, сауығып кетуіне көмектесіп, қазіргі таңда пандемиямен күресіп жатқан алдыңғы қатардағы дәрігерлерге күш-қуат бергенін қалаймыз», - дейді жаңаарқалықтар.

Бүгін Түгіскен ауылынан қымыз Атасу ауылына, Теміртау мен Жезқазғанға жеткізіледі.

Сондай-ақ аудан тұрғындары оттегі баллондары мен ӨЖЖ аппараттарын сатып алу үшін ақша жинайды.

Мысалы, Жаңаарқа кәсіпкерлері Жансұлтан Қасымбеков пен Серік Тойымбаев стационарларға 103 оттегі баллонын жеткізуді қолдады, ал Ганислам Рсалдин оларға арналған редукторларды сатып алуға көмектесті.


Жоғары қарай