Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жаңа оқу жылы: Оқушы мен студент қалай білім алады

2021 жылдың 27 тамыз 2021 19:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мектеп оқушылары мен колледж, жоғары оқу орындары студенттері үшін жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Ал елдегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуалдың мәз еместігін күнделікті таңертең Денсаулық сақтау министрлігі жариялайтын статистикалық деректерден байқап отырмыз. Күнделікті вирус жұқтырғандардың саны 5-6 мыңнан төмендер де емес. Сондықтан да болар, әлеуметтік желіде жаңа оқу жылында оффлайнда білім алуға баратын баласының денсаулығына алаңдаушылардың анда-санда бой көтеріп қалатыны бар.

Осы орайда ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының еліміздің республикалық маңызы бар З қаласында және 14 облысында 16-22 тамыз аралығында телефон арқылы жүргізген әлеуметтік сауалнамасына көз жүгірткен едік. Қалалық елді мекендер мен ауылдық жерлердегі үлгілік мектеп жасындағы балалардың ата-аналары және қамқоршыларынан тұратын 1 200 респонденттен алынған сауалнама қорытындысына сәйкес, ата-аналардың 81,4 пайызы жаңа 2021-2022 оқу жылында балаларының дəстүрлі форматта оқығанын қалайды екен. Бұл балаларының онлайн форматта оқығанын қалап отырған ата-аналардан 10 есе көп. Нақтырақ айтар болса, сауалнамаға қатысқан ана-ананың тек 7,6 пайызы ғана баласының онлайн оқығандығын қалайтындығын атап өткен. Ал қалған 10 пайыздан астам оқытудың аралас форматының бір нұсқасын таңдауға ниетті екендігін білдіріпті. Қалай десек те, мектеп оқушыларының да, студенттердің де дәстүрлі форматта білім алатындығы анық жайт.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуикациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына арнайы келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың дерегінше, жаңа оқу жылын қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, штаттық форматта бастау жоспарланған. Осы оқу жылында 7 мыңнан астам мектеп шамамен 3,6 млн оқушыны, оның ішінде 380 мыңға жуық бірінші сынып оқушысын қабылдайтын болады.

Штаттық режимде оқуды бастау үшін Білім және ғылым министрлігі мектептер жүктемесіне үлкен талдау жүргізді. Ұлттық білім беру деректер қорының деректері бойынша мектептердің 95 пайызының жобалық қуаты мен оқушылар саны барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып, оқуды толық штаттық форматта бастауға мүмкіндік береді. Мұндай мектептерде оқушылардың 81 пайызы білім алады», - деді ол.

Сонымен қатар вице-министрдің атап өтуінше, мектептерге кейбір пәндерді қашықтық форматта өткізуге рұқсат беріледі.

«Оқушы орындарының тапшылығы, 3 ауысымдылығы бар 300-ден аса мектеп бар. Бұл жалпы мектептердің 5 пайызын құрайды. Мұндай мектептерде оқушылардың 19 пайызы білім алады деп жоспарланып отыр. Осы мектептер қосымша іс-шаралар арқылы, оның ішінде кейбір пәндерді қашықтан оқыта отырып, оқу икемді кесте бойынша штаттық түрде жүргізіледі. Ауысымдар мен кіші ауысымдар ұйымдастырылады. Негізгі пәндер бұл мектептерде штаттық форматта оқытылады. Бүгінгі күні Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы қабылданды. Байланыста болған балалар үшін оқшаулау кезеңіне синхронды қашықтан оқыту ұйымдастырылады. Ата-аналардың өтініштері негізінде созылмалы науқастары бар балаларға медициналық ұйым анықтамалары негізінде асинхронды қашықтықтан оқыту ұсынылады. Бұл оқушылар оқулықтармен, оқыту контенті бар ақпараттық жүйемен, электрондық журналмен қамтылады. Жиынтық бақылау жұмыстарын олар мектепте тапсырады. Сабақтардың ұзақтығы 45 минутты құрайды», - деді Шолпан Каринова.

Вице-министр мектептерде оқу процесі қатаң түрде санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылатындығына назар аудартады. Яғни, білім ордаларында күнделікті термометрия, маскалық режим, кварцтау, желдету, дезинфекциялау; бұқаралық және қоғамдық іс-шараларды шектеу; бастауыш, орта, жоғары сыныптарды дәлізде араластырмау үшін әр уақыттағы үзілістер белгілеу; ауысымдар санын арттыру; педагогтер мен мектептің басқа да қызметкерлерін медициналық қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда 100 пайыз вакцинациялау; бір сыныпқа бір кабинет бекіту жүзеге асырылады.

Сонымен қатар ол жергілікті атқарушы органдары оқу контенті бар цифрлық платформаларға қолжетімділікті қамтамасыз еткендігін атап өтеді. Еліміздегі барлық мектеп қажетті ақпараттық жүйелерге қосылған. 1-11 сыныптарға арналған 13 мыңнан астам бейнесабақтар «Күнделік» жүйесінде және интернет-ресурстарда орналастырылған. Барлық өңірге қажетті оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жеткізіліп, 264 мектепте күрделі жөндеу өткізілген.

«Еліміздің 795 колледжінде 470 мыңға жуық студент білім алатын болады. 1 курстарға 150 мыңнан астам студент келеді деп күтілуде. Колледждердің жобалық қуаттылығы оқуды штаттық форматта жүргізуге толық мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқу пәндерінің 20 пайызын қашықтан өткізуге рұқсат етіледі», - деді Шолпан Каринова.

Оның айтуынша, колледждерде зертханалық, практикалық сабақтар және өндірістік практика штаттық режимде өткізілетін болады. Инфекциялық ауру белгілері және ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушылар үшін оқыту қашықтан ұйымдастырылады.

Ал ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев алдағы оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер дәстүрлі форматта оқуды бастайтындығын айтады.

«Айта кеткен жөн, жоғары оқу орындарының шешімі бойынша оқуды аралас форматта да өткізуге болады. Яғни, дәрістер онлайн, ал семинарлық, зертханалық және тәжірибелік сабақтар офлайн режимде ұйымдастырылады. Ал, қашықтан оқыту форматы ерекше білім беру қажеттіліктері бар және тәуекел топтағы студенттерге қатысты қолданылуы мүмкін», - деді ол.

Оның атап өтуінше, студенттер үшін оқу жылының басталуы оқу курсына қарай өзгеруі мүмкін. Мәселен, 3-4 курс білім алушылары үшін оқу 1 қыркүйектен басталса, ал 1-2 курс және магистранттар үшін оқу университеттің академиялық күнтізбесіне сәйкес қыркүйек айының соңына дейін бастала алады.

«Жоғары оқу орнының аумағы, оқу корпустары, кітапхана мен жатақханаларда міндетті түрде Ashyq қосымшасы қолданылуы керек. Оқу ғимараттарына «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар білім алушылар кіре алады. Оқу ғимараты не жатақханаға кірген кезде термометрмен тексеріп, антисептик қолдану міндетті болады. Маска режимі де қамтамасыз етіледі. Студенттерден ПТР-тестілеудің нәтижесін талап етуге болмайтынын ерекше атап өткім келеді», - деді Қуаныш Ерғалиев.

Вице-министрдің айтуынша, студенттер арасында коронавирус індетіне қарсы вакцина алудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар оқу ақысына немесе жатақханада тұру ақысына жеңілдіктер беріліп жатыр. Қызметкерлер үшін сыйақы және басқа да ынталандыру шаралары қабылдануда.

«Санитарлық нормаларды сақтауға ерекше назар аударылатын болады. Айта кету керек, көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Сонымен бірге жылжымалы сабақ кестесін белгілеу жоспарланып отыр. Оқу барысында «Бір аудитория – бір топ» қағидасы қатаң сақталады. Аудиторияларды желдету және санитарлық тазарту жұмыстары үшін үзілістер де қарастырылған», - деді ол.

Ол жұқпалы ауру белгілері пайда болған жағдайда студенттер оқуларын қашықтан жалғастыра алатындығын айтады.

«Бұдан басқа, эпидемиологиялық жағдай нашарлап, құзырлы органның тиісті шешімі болған жағдайда қашықтан оқыту форматына көшу бойынша дайындығы пысықталуы тиіс. Университеттер офлайн режимнен онлайн форматқа ауыстыру бойынша арнаулы жоспар, яғни алгоритм дайындайтын болады. Жаңа оқу жылында білім алушылар үшін академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша білім алу және шетелдік тағылымдамалардан өту іс-шаралары қайта басталады деп жоспарлап отырмыз»,- деді Қуаныш Ерғалиев.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Білім, Мектеп, ЖОО-лар,
Жоғары қарай