Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылдықтар полицияға 115 атыс қаруын және 1 граната тапсырды

2021 жылдың 20 мамыр 2021 22:58

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының тұрғындары полицияға 115 атыс қаруы және 1 граната тапсырды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылдың 20 сәуірінен бастап Жамбыл облысында халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша дәстүрлі республикалық акция өтіп жатыр. Бұл акцияны өткізуге 10 миллион 404 мың теңге бөлінді.

Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақыға тапсыруға ниет білдірген азамат тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне өтініш беруі тиіс.

Сыйақы мөлшерін комиссиялар айқындайды. Ерікті түрде тапсырғандар үшін төлем сомасы қарудың түріне, оның техникалық жай-күйіне байланысты және әрбір бірлік үшін 30 мыңнан 300 мың теңгеге дейін төленеді.





«Акция басталғаннан бері полиция органдарына азаматтардан 90 өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 7 миллион 403 мың теңгеге 115 бірлік атыс қаруы тапсырылды. Оның ішінде 24 бірлік ойық ұңғылы, 90 бірлік тегіс ұңғылы, 1 бірлік травматикалық қару, сондай - ақ 1 жауынгерлік қол жарықшақты граната бар», - дейді Жамбыл облысы ПД ӘПБ бастығы полиция полковнигі Мәмбет Смайылов.

Жамбыл облысы Полиция департаменті заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруға ниет білдірген азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылатындығын ескертеді.





Автор Сая Сембай
Басты сөздер: Жамбыл облысы, Аймақ, Заң,
Жоғары қарай