Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылдық дәрігерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды

2020 жылдың 7 шілде 2020 03:10

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бейнеконференция байланыс режимінде астана күніне орай мемлекеттік медальдармен және төсбелгілермен марапатталған медицина қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлеріне коронавирус пандемиясымен күрестегі адал және қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.

«Медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен тәжірибесі, табандылығы оларға өз кәсібін қоғамдағы ең беделді мамандықтардың бірі етуге мүмкіндік береді. Сіздердің аса жауапкершілікке толы міндеттеріңіз шыдамдылық пен түсіністікке негізделген. Жүректеріңіз бен жүздеріңіз шексіз мейірім мен жылылулық толы. Коронавирус пандемиясына байланысты сіздер мен барша әріптестеріңіздің жұмыс жүктемесі еселеніп, шұғыл режимде еңбек етудесіздер. Гиппократ антына адалдық танытқандарыңыз үшін сіздерге тек алғыс айтамыз!» - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев баршаны астана күнімен құттықтады.

Басқосуда 10 медицина қызметкері мемлекеттік орденмен, медальмен және Алғыс хатпен марапатталды.

Атап айтсақ, «Парасат» орденімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-эпидемиологі Гүлфайра Мырзабекова, «Құрмет» орденімен облыстық көпсалалы балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Елена Пак марапатталды. Ал, «Ерең еңбегі үшін» медаліне жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу жөніндегі облыстық орталықтың инфекционист дәрігері Гүлнара Байдәулетова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Елеусіз Қайыңбаев, облыстық медициналық жедел стансасының аудандар бойынша аға фельдшері Марина Оваченко, облыстық мамандандырылған оңалту орталығының бас медбикесі Фарида Үсенбаева ие болды.

Сондай-ақ, «Шапағат» медалі ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының реаниматолог дәрігері Алмас Әлібеков, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының эпидемиологы Бекболат Кеңесбаевқа табысталды. ҚР Құрмет грамотасымен ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының реаниматологі Дәурен Нарбаев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекционисі Лиза Турганова марапатталды.

«Медицина қызметкерлері ешқашан қолдау мен назардан тыс қалған емес. Біздің жұмысымызды бағалағандарыңызға үлкен рахмет! Бүгінде бүкіл әлем қауіпті вируспен күресуде. Күндіз-түні тер төгіп жатқан әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Оларды ешқандай қиындықтар мен қауіп-қатерлерге бой бермеуде. Дәрігерлер науқастардың жағдайын жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр деп сенімді түрде айта аламын», - деді Елена Пак.

Ол осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тұрғындарды карантин режимі мен барлық санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Елена Пак коронавируспен ауырып жазылғандарды қазіргі науқастардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін қан доноры болуға шақырды.


Жоғары қарай