Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жамбылдағы «Қаралма» тау-шаңғы кешені биыл пайдалануға беріледі

2022 жылдың 15 ақпан 2022 05:38

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы базасында біраз уақыттан бері саябырсып қалған құрылыс жұмыстары қайта қарқын алды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жекеменшік инвестор Мейірбек Жүнісовтің айтуынша, бүгінге дейін туристік объектіге 4 млрд. теңгеден астам жеке қаражат, екінші деңгейлі банктердің несие ресурстары мен өзге де қаржы жұмсалған.

Қазір мұнда негізгі құрылыс жұмыстарының 90 проценті атқарылған.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінен тау-шаңғы базасына дейін 8 шақырымға жуық автомобиль жолы салынып, электр желісі мен жарықтандыру бағандары орнатылған, газ құбыры жеткізілген.

Туристерге арналған мейрамхана, сервистік орталық, бес машинаға шақталған гараж, үлкен және кіші арқанжолдар, сырғанау жолақтарының құрылысы аяқталып, кварталішілік газ құбыры мен жарықтандыру желісі тартылған.




- Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 488 млн теңгенің несие қаражатына қол жеткізіліп, ауызсу, кәріз жүйелері, су жинақтау орны, сүзгілеу-тазарту алаңшалары салынып, қолданысқа берілді. Соңғы екі жылда тау бөктерінде қардың тиісті мөлшерден аз түсуі ескеріліп, құрылыс жұмыстарында аздап кідіріс болғаны рас. Сондықтан мамандармен кеңесе келе, мұнда судан жасанды қар жасау қондырғысын орнату қажет деп шештік. Оған қоса қар ататын зеңбіректер, ратрак алу қажет. Құрылысты толық аяқтау үшін қосымша тағы да 1 млрд теңге қаражат қажет. Оны жекеменшік инвесторлар мен екінші деңгейлі банктердің несие ресурстары есебінен табу қарастырылады. Жасанды қар жасау қондырғысына жергілікті су көздерімен қатар, пайдаланылған шайынды суларды қайта өңдеп, кәдеге асыруды да көздеп отырмыз. Нысанды биылғы жылдың соңына қарай пайдалануға беру көзделуде, - дейді жоба бойынша серіктес «Таразстрой-2004» ЖШС директоры Қуат Баққараев.





Жоғары қарай