Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда есірткі дайындап сатумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті

2021 жылдың 22 қазан 2021 11:32

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылда есірткі дайындаумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық топ республикалық «Қарасора-2021» жедел алдын алу іс-шарасы, сондай-ақ «Рефлекс-2021» өңірлік операциясын өткізу барысында анықталды. Оларды Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері бірлесіп ұстады. Қылмыстық топ Жамбыл облысының аумағында «марихуана» дайындаумен және оны басқа өңірлерге сатумен айналысқан. 39 және 51 жас аралығындағы барлығы 5 күдікті анықталды. Аталған ер адамдардың төртеуі – Байзақ ауданының тұрғындары, біреуі Тараз қаласынан.

«Олардың тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ күдіктілердің бірінің өндірістік базасына тінту жасап, бір мезгілде жүргізілген ұстау операциясы барысында жалпы салмағы 1 келіден астам гашиш, 30 келіден асатын марихуана, өсірілген каннабис өсімдігінің бұталары, илеуіш құралы және гашиш өндіруге арналған басқа да құрылғылар, сондай-ақ тіркелмеген 2 тегіс ұңғылы мылтық, 25 аңшылық және 16 травматика патрондары тәркіленді. Қазіргі уақытта ұсталғандардың барлығы кінәсін мойындады. Олар Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп атап өтті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.

Аталған қылмыстық іс бойынша тәжірибелі қызметкерлерден жедел тергеу тобы құрылды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Жоғары қарай