Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда ер адам 160 келіден астам есірткімен ұсталды

2021 жылдың 13 қазан 2021 07:33

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылда ер адамнан 160 келіден астам есірткі тәркіленді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2021» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Шу ауданынан 100 шақырым жерде 27 жастағы жергілікті тұрғынды есірткі заттарын дайындау кезінде ұстады.

Сол маңдағы аумақты тексеру кезінде жас жігіттен салмағы 60 келі 440 грамм болатын «каннабис өсімдігі» есірткі заты табылып, тәркіленді. Сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде есірткі затын сатушыдан жалпы салмағы 103 келі 240 грамм «кептірілген марихуана» есірткі затының 10 қабы тәркіленді, күдікті бұл қаптарды жаз мезгілінде елдің солтүстік аймақтарына жеткізу үшін дайындап, жасырған.

«Ұсталған ер адам кінәсін мойындады, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, қылмыстың бұл түрімен үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады.

Қазіргі уақытта қылмыстық әрекетті ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен қайта саралау қарастырылуда. Бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған»,-делінген полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.


Жоғары қарай