Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда биыл 48 инвестициялық жоба жүзеге асады

2021 жылдың 5 наурыз 2021 15:25

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында қаңтар айында инвестицияның жалпы көлемі 11,1 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша орташа көрсеткіш ойдағыдай, дегенмен аудандардағы қалыптасқан жағдайды олай бағалай алмаймыз.

Облыстық әкімдікте өткен жиын барысында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев Қордай, Жуалы, Байзақ аудандары осы орайдағы көрсеткіш бойынша артта қалып отырғандардың қатарынан екенін ашып айтты.

«Өткен жылы инвестицияның жалпы көлемі 344,1 миллиард теңгені құрап, бұл 2019 жылға қарағанда 12,7 пайызға артты. Биылғы көрсеткіш те былтырғыдан төмен болмауы үшін бізге аянбай жұмыс жасауға тура келеді. Жыл енді басталды десек, бізде әлі уақыт жеткілікті. Көтерме және бөлшек сауда, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салаларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі төмен күйінде қалып отыр», - деді А.Сейсебаев.

Биыл 544,2 миллиард теңге көлеміндегі 48 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

Жоспар бойынша жаңа өндірістер ашу, қолданыстағыларды жаңғырту шаралары жоспарлануда.

«Екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары желісі бойынша өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 85,6 млрд теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болды, оның 41 млрд. теңгесі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бөлінген», - деді А.Сейсебаев.

Басқарма басшысы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша елімізде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыс туралы да тілге тиек етті.

Ол Қазақстанда инвестициялық преференциялар жұмыс істейтінін, жергілікті атқарушы органдар жер учаскесін бөлуге, оны инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге көмектесетініне тағы бір назар аудартты.

Сондай-ақ технологиялық құрылғыларды, материалдар мен шикізатты импорттау кезінде оңайлатылған салықтық режим бекітілгеніне көңіл бөлгізді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шетелдік инвесторларды тарту үшін Қазақстанның басқа елдердегі елшіліктерімен өзара тиімді тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті.

Елшіліктерде жергілікті кәсіпкерлер үшін консультация ұйымдастырылады.

Онда Жамбыл облысының қай саласы инвестиция құю үшін дайын екендігі айтылады.


Жоғары қарай