Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -13 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда банк жүйесіндегі құжаттардың көпшілігі орыс тілінде жүргізіледі

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 00:33

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылда банк жүйесі мен құқық қорғау органдары құжаттарының басым бөлігі орыс тілінде жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ӨКҚ ақпарат алаңында айтты.

Спикердің сөзінше, тоқсан сайын өңірдегі сан саланың тіл қолданысы жіті зерделенеді.

«Тоқсан сайын өңірдегі тілдік ахуалды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жасалуда. ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлесі – 99,5%. Алайда, өңірдегі банк жүйесі мен құқық қорғау органдарында іс құжаттарының басым бөлігі орыс тілінде жүргізілетіні белгілі болды»,- дейді Рахия Тұрмаханбетова.

Сондай-ақ, басқарма басшысы мемлекеттік тілді үйрететін тегін курстар тұрақты жұмыс істейтіндігін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, жыл басынан бері үш тіл бойынша барлығы 3 433 тыңдаушы тегін оқу курсымен қамтылса, 2 340 тыңдаушы мемлекеттік тілді оқыту курсынан өткен.

Оның ішінде 92,9 пайызы - өзге ұлт өкілдері.

Ал, өңірде мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі - 48 пайыз.

«Жамбылда мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 48 пайызды құрап, 28 пайызға артқан»,-дейді басқарма басшысы.

Жоғары қарай