Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда 47 заңды өкіл ата-ана құқығынан айырылды

2021 жылдың 13 қазан 2021 15:45

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының жастары арасында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және темекі мен спирттік ішімдіктерді сатудың жолын кесу мақсатында апта сайын рейдтік іс-шаралар өткізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рейдтік шараларға кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімдердің инспекторлары, білім беру мекемелерінің өкілдері, еріктілер және өзге де мүдделі қызметтер қатысады. Ағымдағы жылдың 9 айында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылар саны азайды. Ауыр дене жарақатын салу, бөтеннің мүлкін ұрлау және бұзақылық деректері бойынша төмендеу көрсеткіштері тіркелді.

Жыл басынан бері өткізілген 3 мыңнан астам рейдтің қорытындысы бойынша, 5079 ата-ана мен өзге де тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 376 кәмелетке толмаған жасөспірім орналастырылды. Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мамандандырылған мектепке 19 жасөспірім орналастырылып, 47 заңды өкіл ата-аналық құқығынан айырылды.

Сондай-ақ, үйден өз еркімен кеткен 114 бала ата-аналарына қайтарылды. Кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатудың 81 дерегі анықталды. Ішкі істер органдарының есебіне 235 кәмелетке толмаған жасөспірім қойылды. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда қалған тұлғаларға көмек көрсету мақсатында олар медициналық-әлеуметтік есепке қойылды. Бұл іс-шаралар тұрақты негізде өткізілуде.


Жоғары қарай