Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбылда 112 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

2021 жылдың 15 қазан 2021 02:03

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері облыс аумағында пайдаланусыз жатқан 112 100 гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет мешігіне қайтарылған. Оның 104 849 гектары жайылым болса, 7 251 гектары егістік алқап. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайылым тапшылығы әлі де өзекті. Біз әрбір шаруа қожалық пен отбасындағы мал басын есептеп, соған сәйкес олардың үй іргесінде немесе жайлау мен қыстауға апарып бағуға қажетті мал санын саралап отыруымыз керек. Бұған дейін, сатылып, беріліп қойған жерлерді қазіргі таңда иелері ұтымды ұқсатып отыр ма? Соны зерделеуді жүктеген болатынмын»,- деп аймақ басшысы тапсырмалардың орындалу барысына назар аудартты.

Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, пайдаланусыз жатқан жерлерді қайтару жоспары артығымен орындалып, 137 пайызды құраған.

«Жыл басында биыл пайдаланылмай жатқан 82 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жоспар бекітілген. Бүгінгі таңдағы жағдай бойынша облыс көлемінде жалпы 112 100 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылып, жылдық жоспардың орындалуы - 137%»,-деді басқарма басшысы.

Жиында төмен көрсеткіш көрсетіп отырған аудандарда жарты жылдан бері жер инспекторлары тағайындалмай отырғандығы айтылды.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы құрылған жұмысшы топтарымен жүргізілген зерделеу нәтижесінде облыс аумағында барлығы 271 623 гектер жердің игерусіз жатқандығы анықталған.

Оның 19 346 гектары егістік жерлер десек, 252 277 гектары - жайылым.

Бұл жерлерді 2022 жылдың соңына дейін толығымен қайтару бойынша жоспар қайта түзіліп, бекітілген.

Әбілхайыр Тамабек жоспарды орындауға толық мүмкінішілік бар деп сендірді.

«Бізде жерге қатысты арнайы дерекқор болу керек. Оған әрбір ауылдық округтің жерлері есептеліп, енуі тиіс. Осыдан он жыл бұрынғы мәлімет пен қазіргі ақпараттардың сәйкестігін салыстыру қажет. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы болуы тиіс. Әрбір ауылдық округтің еншісіндегі жер қаралып, оның ревизиясы жасалып, электронды картаға енгізілуін қадағалау керек. Әр мал басына есептелген қажетті норматив бойынша тұрғандар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту – маңызды», - деген аймақ басшысы аудан әкімдері мен осы салаға жауапты орынбасарына және тиісті басқармаларға жұмысты жандандыруды тапсырды.



Жоғары қарай