Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы -14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысының әкімі аулаларды абаттандыру жұмыстарының сапасын тексерді

2020 жылдың 31 тамыз 2020 07:27

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы аулаларды абаттандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алатау шағынауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 5 аула абаттандырылуда. Ол жұмыстармен «Энерджи-Тараз» ЖШС айналысуда.

Аулаларды абаттандыру толық асфальттау, көшелерді жарықтандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатуды көздейді. Сондай-ақ, балалар мен спорт алаңқайлары салынып, кеңейтілуде.





Бердібек Сапарбаев ең алдымен мердігер компания мен Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа құрылыс жұмыстарының сапасына айрықша назар аудару керектігін тапсырды.

Аймақ басшысы әткеншектер мен құм алаңқайларын, стрит-воркаут алаңдарын аралап көрді.

«Біз балалардың ашық ауада еркін ойнап, спортпен шұғылдануы үшін барлық қолайлы және қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуіміз керек. Мердігерлер тұрғындардың пікіріне құлақ асып, олардың ескертулерін қаперге алуы тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.





Ол мердігерден жұмыс барысында мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың және балалар арбаларының қозғалысы үшін қолайлы жағдайлар жасалуын талап етті.

Өңір әкімі тұрғындарды әңгімеге тартып, оларды үйлерінің маңайын көгалдандырумен айналысуға, ПИК құрамына ену үшін бірігуге шақырды.





Тұрғындар екі үйдің аулаларын абаттандырып жатқан «НұрИнвестХолдинг» ЖШС жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Олар жаңа орындықтардың қазірдің өзінде сынып жатқанын, ескі әткеншектер мен сырғанақтардың бояусыз қалғанын, құрылыс қоқыстарының шашылып жатқанын айтып, шағымданды. Бердібек Сапарбаев барлық олқылықтар жойылып, мердігер жауапкершілікке тартылатынына сендірді.





Бұдан бөлек, «Энерджи-Тараз» ЖШС Астана шағынауданында тағы бес ауланы абаттандыру шараларын аяқтап үлгерген. Ондағы актқарылған жұмыстарға Б.Сапарбаев оң бағасын берсе, тұрғындар тарапынан құрылысшыларға алғыс айтылды.

Бұған дейін облыс әкімімен кездесуде «Астана» шағынауданының тұрғындары футбол алаңын салып беруді, көшелерді жарықтандыруды, шатырлы қоқыс контейнерлерін орнатуды және автотұрақты кеңейтуді сұраған болатын. Барлық өтініш ескерілген. Бұған қоса, компания өз қаражаты есебінен тағы бір көрші ауланы абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіп, балалар мен спорт алаңқайларын салып берген.

Айта кету керек, облыс орталығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында барлығы 163 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.











Жоғары қарай