Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысындағы жарылыстан 32 адам зардап шекті

2021 жылдың 26 тамыз 2021 22:34

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан оқиға орнына тақау орналасқан үш елді мекеннің тұрғындары эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Қайнар ауылында орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігінің №28349 әскери бөлімінде (инженерлік-саперлік бригада) оқ-дәрі қоймасынан өрт шыққаны туралы хабарлама сағат 19:10-да түскен. Ал 250 тұрғыны бар Қайнар ауылы оқиға орнынан 1 шақырым да болмайтын қашықтықта орналасқан. Тұрғындар эвакуацияланған.

Ұзындығы 41 метр ені 17 метрлік оқ-дәрі қоймасы өртеніп жатыр. Екі үлкен жарылыстың және облыстық ТЖД-ның бір қызметкерінің жарақаттанғаны туралы ақпарат бар.

Дабыл белгісімен облыстық полиция департаментінің жеке құрамы (300 адам) және 5513 әскери бөлімінің жеке құрамы (520 адам) қауіпсіздікті сақтау жұмыстарына жұмылдырылды.

Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасының және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 30 тобы жіберілді. Апат болған жерге баратын барлық жолдар, оның ішінде теміржол уақытша жабылды. Жақын маңдағы Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары эвакуациялануда. Қоғамдық тәртіпті қорғау және тонаудың алдын алу мақсатында эвакуацияланған елді мекендерді патрульдеу ұйымдастырылды.

Байзақ ауданында жедел штаб құрылды, оны облыс әкімі Б.Сапарбаев басқаруда.

«Алматы-Тараз» жолдарын облыстың жол полициясының 3 экипажы, «Тараз-Алматы» 5 экипажы уақытша жауып тастады. Тараз қаласының N1 қалалық ауруханасына түрлі жарақатпен 32 адам түсті.


Жоғары қарай