Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысында жарылыстан зақымдалған мектептің орнына жаңа мектеп салынады

2021 жылдың 29 тамыз 2021 20:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыс салдарынан 3 мектепке зақым келген. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатынд айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жарылыстан зақым келген әлеуметтік нысандардың жағдайы туралы мәлімет берді.

«Әлеуметтік нысандарға қатысты тоқталсақ, 3 мектепке зақым келген. Әсіресе, қатты зардап шеккені – Жібек Жолы ауылындағы білім ордасы. 118 бала оқитын білім мекемесінің іргесі 1956 жылы қаланған. Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салу керек деген шешім қабылданды. Ауыл халқының саны өсіп жатқанын ескере отырып, Үкіметке 150 орындық жаңа мектептің құрылысы бойынша ұсыныс жолдаймыз. Жаңа мектептің орны белгіленді, құжаттары барынша қысқа уақытта дайындалады. Жеңіл зақымдалған Үшбұлақ пен Базарбай ауылдарындағы мектептер демеушілердің есебінен қалыпқа келтіріліп жатыр. Олар бірінші қыркүйекке дейін дайын болады. Дәл сондай жеңіл зақым келген медициналық пункт те бір апта ішінде толығымен жөнделеді», - деді БердібекСапарбаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі Жарылыстан бүлінген үйлердің бәрі 2 айда қалпына келтірілетінін айтты.

Жөндеуді қажет етеді делінген 106 үйдің 35-іне күрделі жөндеу тағайындалып отыр. Облыстық жедел штаб қалған 71 үйді жеңіл зақымдалды деп таныған.

«Олар да қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстарға Үкімет тарапынан қаралатын және жергілікті бюджеттен қосымша бөлінетін қаражат жұмсалады. Өңірдегі демеушілер де қаржылай көмек көрсетеді. Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталды.Қалған үйлерде құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті»,-деді облыс әкімі.

Жоғары қарай