Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Жамбыл облысында егістіктегі көкөніс дүкен сөресіне делдалсыз жеткізілуде

2020 жылдың 6 маусым 2020 00:54

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімдігінде өткен жиында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметінің бес стратегиялық бағытын іске асыру жайы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Басқосуда «Тараз» ӘКК-нің жаңадан тағайындалған төрағасы Олжас Қаржауов өз баяндамасында ағымдағы мәселелер мен оларды шешу жолдарын атап өтті. ӘКК жұмысының бір бағыты бойынша бағаны тұрақтандыру үшін «Егістік алқабынан дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасы әзірленуде екен.

Ол негізінен жемістер мен көкөністерді аз мөлшерде өндірумен айналысатын ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған. Жоба фермерлерге өсірілген дақылдарды делдалсыз сатуға және супермаркеттермен тікелей келісім жасасуға көмектесетін кооператив желісін дамытуды көздейді.

«Фиркан» және «Вкусная Корзинка» сауда желілерінің өкілдері супермаркеттердің пилоттық жобаға қатысуға дайын екендігін жеткізді.

«Шаруа қожалықтары мен бөлшек сауда желілері арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында өнімдер арзан бағаға сатылмақ. Супермаркеттерге тауарларды жергілікті атқарушы органдар белгілеген бағамен сатуды сұранамыз», – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ баяндамашы «Тараз» ӘКК ауылшаруашылық техникаларын көбейту, сүт зауыттарының қуаттылығын арттыру, жеміс-жидек кластерін дамыту, картоп өсіру, ара және балық шаруашылығы, жаңартылған энергия көздерін дамыту, әлеуметтік тұрғын үй салу бойынша бірнеше ірі жобаларды әзірлеп жатқандығын жеткізді.

Өңір басшысы барлық жобаларды қолдайтынын, әсіресе ара шаруашылығы мен сүтті қайта өңдеу бойынша жобаларды айрықша атап өтті.

«Шығыс Қазақстан облысында 1-сынып оқушыларына 15 грамм бал мен 200 грамм сүт тегін беріледі. Мұның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін бәріміз түсінеміз. Сол сияқты біздің өңірде балаларды балмен және сүтпен тегін тамақтандыруға барлық жағдай жеткілікті. Осыны жасайтын болсақ, балаларымыздың дені сау болып өсер еді. Бала кезінен бал мен сүт ішіп үйренген Жапония тұрғындарының тәжірибесі – осының дәлелі», – деді облыс әкімі.

Жиында шаруа қожалық өкілдері де өз ойларын ортаға салды.

«Ақ Бидай» шаруа қожалығының төрағасы Нариман Қалқабаев жаңбырлатып суару жүйесін енгізуге және арнайы техникалар сатып алуға көмектесуін сұрады. Бердібек Сапарбаев бұл мәселелердің міндетті түрде қаралатынына уәде берді.

«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация инвесторларды тартуға және өңірдің даму нүктелері бойынша жаңа өндірістер құруға күш салуы керек, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру бойынша жұмысты күшейту қажет», – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.


Жоғары қарай