Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысында ауылдық округ әкімдерінің сайлауына 194 байқаушы қатысады

2021 жылдың 20 шілде 2021 11:51

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында ауылдық округ әкімдерінің сайлауына «Партиялық емес бақылау орталығынан» 194 байқаушы қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылдың шілде айында облыстың 89 сайлау учаскесінде, ал кейінгі айларда 9 учаскіде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізіледі. Бұған «Партиялық емес бақылау орталығынан» 194 байқаушы қатысады.

«Партиялық емес бақылау орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалының жетекшісі Асқар Қадырқұлов хабарлағандай, ұйым алдағы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауына байқау мен мониторинг жүргізу арқылы сайлау процесіне белсенді түрде атсалыспақ.

Қазіргі уақытта Орталық өзінің байқаушылары үшін бірқатар оқыту семинарлар мен тренингтер өткізуде.

«Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің төте сайлауы – бұл Қазақстан Республикасының демократизациялау процесіндегі жаңа қадам. Қазақстанның Конституциясында белгіленген демократиялық қағидалар біздің елде ары қарайда жүзеге асырыла береді. Болашақта аудан және облыс әкімдерін сайлауын ұйымдастыру жоспарлануда. Сайлау кезінде ең бастысы – оны өткізу барысында сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын сақтау, ол үшін бізде сайлауды бақылау саласында үлкен тәжірибесі бар топ құрылды. Біздің қоғамдық бірлесітіктің атынан қатысатын тәуелсіз байқаушылар сайлаудың адал және әділ өтуіне өз үлесін қосады деп сенемін», - деді Асқар Қадырқұлов.

Естеріңізге сала кетейік, 25 шілдеде Қазақстан бойынша бір мезгілде 700-ден астам ауыл әкімдерін сайлауы өтеді. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің қалған әкімдерін сайлау олардың өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін өткізіледі.


Жоғары қарай