Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жамбыл облысында алтыншы «сервистік әкімдік» ашылды

2020 жылдың 19 тамыз 2020 07:21

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда сервистік әкімдіктің жаңа кеңсесі ашылды. Мұнда облыс орталығының тұрғындарына ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметтер ұсынылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төле би көшесі, 55-үйде орналасқан фронт-офистің жұмысымен аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев танысты.

«Open space» форматындағы сервистік әкімдік жобасын Тараз қаласының әкімдігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырған.

«Мұнда қала тұрғындары нақты уақыт режимінде өз өтініштері бойынша ұсыныстар мен жауаптар ала алады. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың халыққа қолжетімділігін арттыру және кедергісіз кеңістікті қалыптастыру», - дейді Тараз қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді дамыту бөлімшесінің басшысы Меруерт Молдағалиева.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев барлық деңгейдегі әкімдіктердің сервистік форматқа көшуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келетінін тілге тиек етті.

«Қандай да бір сұрақпен әкімдікке бас сұққан адам оның шешімі басқа бөлімдермен тікелей байланысты екенін білмеуі мүмкін. Яғни, бірнеше мемлекеттік қызметті бір жерден алу қажет болады. Мұндай жобаны іске асыру адамдарды кабинеттер арасында бірнеше күн бойы сандалып жүруден босатады. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді», - деді ол.

Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдері базасында «Open space» форматында жұмыс істейтін алғашқы сервистік әкімдіктің жоғары тиімділігі атап өтілді. Онда бөлімдер артық бюрократиясыз тікелей байланыс арқылы 17 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Жаңа сервистік әкімдік сұранысы жоғары 20-дан астам мемлекеттік қызметті ұсынатын болады.





Қазір бұл тәжірибе Таразда жүзеге асырылуда десек, алдағы уақытта ең көп мемлекеттік қызметтер көрсетілетін аудан орталықтарында да ашу көзделуде. Бүгіннің өзінде сервистік әкімдіктер Меркі, Талас, Сарысу аудандары мен Шу қаласында жұмыс істеп отыр. Жақын арада Байзақ, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында фронт-кеңселер ашу жоспарлануда.

Сондай-ақ, мұнда азаматтарды қабылдау ашық кеңседе өтеді. Шыны қабырғалар, сондай-ақ бейне және аудио жазбалармен жабдықталған кеңсе кез-келген сыбайлас жемқорлықтың алдын алары сөзсіз.

Бердібек Сапарбаев жаңа тұжырымдамамен танысып, жеделділік пен нәтижелік – әкімдік қызметіне қойылатын басты талап екенін атап өтті.

Сондықтан өтініштерді қарастыру, оны қызметкерден екінші қызметкерге жолдау ұзақ уақытқа созылмауы тиіс.

«Азаматтар қысқа мерзімде жауап алуы тиіс. Сондай-ақ, кері байланысқа барынша көңіл бөлу керек. Егер сіз біреудің өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға мәжбүр болсаңыз, оның себебеі мен оған қажетті нәтижеге қалай қол жеткізуге болатынын түсіндіріңіз», - деп қорытындылады аймақ басшысы.





Автор Қажы Мұрат
Басты сөздер: Аймақ, Жамбыл облысы,
Жоғары қарай