Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында алғаш рет рапс дақылы егілуде

2020 жылдың 28 қазан 2020 09:01

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында алғаш рет рапс дақылы егілуде,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес, аймақта рапс дақылын егу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, Рысқұлов ауданында 100 гектарға жуық алқапқа күздік рапс дақылын егу жоспарланған болатын. Түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде аудан шаруалары жоспарды артығымен орындап, 160 гектар алқапқа дән себуді мақсат етіп отыр. Өткен аптада қожалықтардың бірнешеуі жерге аталмыш майлы дақылды бастырып та үлгерді. Әсіресе, Абай ауылдық округіндегі бірнеше шаруа қожалықтары күздік рапс дақылын егуге ниет танытқан десек, солардың бірі — «Достық - Е» шаруа қожалығы.




Шаруашылық басшысы Айтжан Ихиев аты аталған дақылды өз алқабының 10 гектарына егуде. Бұл мақсатта Мұрат Айтымбетов пен Андрей Исаев сынды механизаторлар егіс алқабындағы қиын жұмыстарды еңсеріп, тынбай еңбек етіп жүр. Қожалық жетекшісінің айтуынша, аталмыш бастамаға жергілікті басшылар барынша қолдау көрсетіпті.

Округтегі «Медеу төре», «Құрманбай», «Нұрпейіс» шаруа қожалықтары да рапс дақылын егуге ниет танытқан.

Агросаланы алшаң бастыратын дәл осындай бастамаларды қолдауға жаңатұрмыстық шаруалар да зор ықылас танытып отыр екен. Солардың бірі — «Әділ» шаруа қожалығы. Оның басшысы Қалдыбек Әділов те өзіне тиесілі егістік алқаптың 10 гектарына рапс дақылын егіпті. Шаруаның айтуынша, ол дақылды екпес бұрын оны жан-жақты зерттеп көрген.

Егістік алқабына арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев пен ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлдибек Туғанбаев рапс дақылы жерді тыңайтуға қолайлы дақыл екенін, сондай-ақ, ауа райының әртүрлі жағдайларына төзімді болатынын алға тартып, қожалықтың бастамасына сәттілік тіледі.

Жалпы күздік рапс дақылын егуге ауданнан 15 шаруа қожалық ниет білдірген. Ол үшін ауылшаруашылығы бөлімі 600 килограмм дақылды ауданға жеткізу бағытында жүйелі жұмыс жасап, қожалықтарға үлестіріпті. Алдағы уақытта дақылды егуге құлшыныс танытып отырған өзге де шаруалар да бар екен.


Жоғары қарай