Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысы Меркі ауданына жаңа әкім тағайындалды

2021 жылдың 2 наурыз 2021 17:22

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Руслан Нұрсипатов Меркі ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бердібек Сапарбаев жаңа басшыны аудан активіне таныстырды. Ауданның жаңа басшысына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңдылық пен тәртіпті нығайту бойынша бірқатар міндет жүктелді.

«Мейірхан Өмірбек 5 жылдай қызмет атқарды. Түрлі қиындыққа қарамастан, міндетін орындай алды. Меркі ауданының әлеуеті жоғары. Руслан Маратұлы бұған дейін әкім болған Мейірхан Өмірбектің жұмыстарын сәтті жалғастырады деп сенемін. Ең бастысы – қоғамдағы бірлік десек, осы орайда тұрғындарды, зиялы қауымды ауданның жаңа басшысын қолдап, бірлесе жұмыс жасауға шақырамын»,- деді Б. Сапарбаев.

Мейірхан Өмірбек өзіне қолдау білдіргендерге алғыс айтты. Ал, ауданның жаңа әкімі Руслан Нұрсипатов артылған сенім мен жауапкершілік үдесінен шығуға, Меркі ауданының дамуы үшін бар күш-жігерін салуға тырысатынын жеткізді.

Аймақ басшысы ауданның әлеуетін пайдалана отырып, инвестиция тартуға, өндірісті дамытуға баса мән беру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, ауданның ауыл шаруашылығына бейімділігін тілге тиек етіп, ұңғымаларды қалпына келтіру, су үнемдеу технологиясын көптеп енгізу, қант қызылшасы өндірісін өрістету, бал шаруашылығын дамыту, сапалы тұқым және тыңайтқышты пайдалану, үй іргесіндегі жерді тиімді игеру мәселелеріне айрықша ден қойылды. Аудан түлектерін туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге де тарту жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Айта кетейік, Руслан Маратұлы 1967 жылы туған. Білімі жоғары. Ол Алматы технологиялық техникумын «тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының жабдығы», Қазақ ұлттық аграрлық университетін «агрономия», «қаржы» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Қордай аудандық тұтынушылар одағының нан шығаратын цехында жұмысшы болып бастаған.

1989-1994 жылдары Михайловка ауылының наубайхана меңгерушісі, 1994-1995 жылдары Қордай аудандық тұтынушылар одағының нан шығаратын зауыты директорының орынбасары, бірінші орынбасары, 1995-2001 жылдары Қордай ауданының тамақтану орнының директоры, 2002-2004 жылдары «Астық Астана-Қордай 2030» ЖШС-нің директоры, 2004-2009 жылдары Жуалы ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2014 жылдары Қордай ауданының Пошта байланысы торабының басшысы, 2016 жылғы қаңтар-наурыз аралығы Қордай аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының консультанты қызметтерін атқарған.

2016 жылғы наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін Қордай аудандық мәслихатының хатшысы лауазымында болыр істеді.


Жоғары қарай