Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 409.98
EUR 462.21
RUB 5.75
CNY 58.43

Жамбыл облысы: 4 мыңнан астам кәсіпорын медсақтандыруға уақтылы ақша аудармаған

2020 жылдың 29 мамыр 2020 16:57

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмысшылардың жарнасын уақтылы аудармайтын 4 мыңнан астам кәсіпорын анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл орайда тексерісті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ аймақтық филиалы мен Мемлекеттік кірістер департаменті

бірлесіп өткізген.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында «ӘМСҚ» филиалының директоры Мавлюда Боқаева барлық кәсіпорындарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Жалпы, 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 30 сәуірі аралығында облыс бойынша қорға 9,6 млрд теңге түскен. Оның ішінде осы жылдың соңғы төрт айында түскен жарналар мен аударымдар көлемі – 2,4 млрд теңге.

- Егер ағымдағы жылдың қаңтар айында бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің саны 20,9 мың болса, сәуір айында ол көрсеткіш 168,4 мың адамға дейін өсті, - дейді М. Боқаева.

МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесіне облыс бойынша барлығы 1 134 506 адам ие болған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов айтты.

Ағымдағы жылдың 26 мамырындағы мәліметтерге сәйкес, 3 531 адамның мәртебесі анықталмаған. Осыған қарамастан, азаматтардың мәртебесін өзектендіру бойынша аймақтар рейтингінде Жамбыл облысы алдынғы қатарда.

- Байқап отырғанымыздай, тұрғындар арасында МӘМС маңыздылығын түсіну деңгейі әлі де жоғары емес. Түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. МӘМС жүйесінің артықшылықтары туралы әрбір азаматтың хабардар болуы аса маңызды, - деді Бердібек Сапарбаев.

Ол бір рет қана БЖТ төлегендер бойынша талдау жүргізу керектігін тапсырды. Сондай-ақ, қорға уақтылы жарналар енгізуге мүмкіндік беретін терминалдар орнату қажеттігін баса айтты.


Жоғары қарай