Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жақсы жұмыс істеп тұрған балабақшаны жекеменшікке беру дұрыс емес - министр

2020 жылдың 31 қаңтар 2020 17:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жақсы жұмыс істеп тұрған мемлекеттік балабақшаны жекеменшікке беру дұрыс емес. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған мектептер үлесінің көрсеткіші жалпы жоспар бойынша 70 пайыз болуы керек болса, іс жүзінде 62 пайыз ғана. Аталған көрсеткіш бойынша 9 өңір аутсайдер болды. Төмен көрсеткіштер Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында тіркелген. Қосымша біліммен қамтылған мектеп оқушыларының үлес көрсеткіші бойынша төмен нәтиже Түркістан облысы мен Шымкент қаласында», - деді ол.

Министрдің айтуынша, әкімдер мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы мектептен тыс ұйымдар желісін дамытуы керек.

«Біз қазір заңнамаға тиісті өзгеріс енгізуді көздеп отырмыз. Депутаттар біздің бастамамызды қолдайтын болса, онда бұл өте жақсы шара болар еді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша тағы бір мәселені қозғады.

«Қазіргі уақытта тағы бір үрдіс қалыптасты. Ол бізде жап-жақсы жұмыс істеп жатқан балабақшаларды жекеменшікке әлде сенімгерлікке беру мәселесі. Бұл да дұрыс үрдіс емес. Егер ол балабақшалар қирап жатса, үлкен қаржы салу қажет болса онда түсінуге болады. Ал егер ол балабақшалар бүгінгі күні балаларды жақсы қабылдап, жақсы режімде жұмыс істеп жатса неге оларды жекеменшік басқа компанияларға береміз? Бұл біздің, Білім және ғылым министрлігінің тарапынан дұрыс бағаға ие болмайды. Сондықтан оны тоқтатуымыз керек», - деді Білім министрі.


Жоғары қарай