Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін келісілген шаралар қажет - ҚР Президенті

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 20:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін келісілген шараларды шұғыл қабылдау қажет. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйлеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін келісілген шараларды шұғыл қабылдау қажет. Мен Бас хатшының әлемдік экономиканың 10% құрайтын ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасын жүзеге асыру қажет деген үндеуіне қосыламын. Сонымен қатар, оның пандемияға қарсы күрес баршаға бірдей және мол мүмкіндік жасауға бағытталған Жаңа ғаламдық келісімге негізделуі керек деген пікірін қолдаймын. Ең кедей елдердің қарыздарын төлеуін тоқтату жөніндегі шаралар әлемдік нарықтағы теріс факторларды азайтуға және түсініксіздікті төмендетуге ықпал етеді деп есептейміз. «Ұлттық денсаулық сақтау ісіне инвестиция салғандардың қарыздарын жеңілдету» формуласына сәйкес Халықаралық қаржы мекемелері өз жұмыстарына инновациялық шешімдерді белсенді енгізуі керек « , - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті жаһандық дамуды қаржыландыру жөнінде алдағы уақытта өтетін жоғары деңгейдегі кездесуде нақты әрі маңызды шаралар қабылданады деп үміттенетіндігін баса айтты.

«Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер (ТШЖДЕ) сауда-саттыққа және көлік-логистикалық кешенге зор зиянын тигізген COVID-19 індетінен ауыр зардап шекті. Осы дамушы елдер тобының қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан Вена іс-қимылдар бағдарламасын жүзеге асыруды жандандыру үшін БҰҰ-ның Жол картасын қабылдауды ұсынды», - деді Мемлекет басшысы.


Жоғары қарай