Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 432.55
EUR 470.83
RUB 5.84
CNY 61.31

Зейнетақы жинағына баспана алу: Түпкілікті шешім желтоқсанда шығады

2019 жылдың 26 қараша 2019 13:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға жұмсауға мүмкіндік беретін нақты тетіктер келесі айда жарияланатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір көптеген ұсынысты қарап жатырмыз. Жоспарымыз бойынша, алдағы желтоқсан айында біз ұстанымға келіп, сол жұмысшы топтың Президентке ұсынысын беруіміз керек. Әзірге бірыңғай шешімге келген жоқпыз. Біздің елімізде 10 миллионға жуық зейнетақы есепшоты бар. Жалпы, салымшылардың саны да 10 миллион деуге болады. Жиналғаны – 10 триллион теңге. Халықтың 70 пайызының жинаған зейнетақысы – 1 миллион теңгеге дейін ғана. Сондықтан, бұл мәселенің қиындықтары бар», - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министр бұл ретте зейнетақы жинағы әр адамның зейнетке шыққаннан кейінгі өміріне жетуі керектігін атап өтті.

«Түпкі шешімдерімізді желтоқсан айында еститін боласыздар», - деді Біржан Нұрымбетов.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтарын баспана алуға жұмсауын реттеуді тапсырған болатын.

Жоғары қарай