Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Зейнетақы жинағын «Отбасы банкке» аудару: Депозитті қалай пайдалануға болады

2021 жылдың 14 желтоқсан 2021 13:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отбасы банктің» Instagram парақшасында біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) enpf-otbasy.kz онлайн-платформасы арқылы депозитке аудару қашан мүмкін болатыны туралы мәлімет жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Достар, жақын арада сіздер өзіңіздің біржолғы зейнетақы төлемдеріңізді enpf-otbasy.kz онлайн-платформасы арқылы «Отбасы банктегі» депозитіңізге аудара алатын боласыздар!

«Отбасы банктегі салымды толықтыру» батырмасы қашан және қалай пайда болатынын сәл кейін жариялаймыз.

Ал әзірше БЗТ есебінен толықтырылған депозитпен не істеуге болатыны және не істеуге болмайтыны туралы ақпаратпен танысыңыздар», - делінген жазбада.

Сонымен, зейнетақы жинағындағы төмен жеткіліктілік мөлшерінен артылған ақшаны депозитке аударған жағдайда мына әрекеттерді іске асыруға жол беріледі:

БЗТ қосылған депозиттерге тұрғын үй құрылыс жинағының стандартты шарттары қолданылатын болады.

Яғни депозиттерге банктің жылдық 2% мөлшеріндегі сыйақысы және 20% мемлекеттік сыйлықақы (жыл нәтижесі бойынша жинақталған 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомаға) есептеледі.

БЗТ қосылған депозит көмегімен тұрғын үйді 3 жыл ішінде сатып алу қажет болады.

Егер банк клиенттері БЗТ қосылған депозитті көрсетілген мерзім ішінде пайдаланбаса, ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Ал мынадай әрекеттерге жол берілмейді:

1. Салымды жауып, зейнетақы төлемдерін шешіп алуға болмайды. Шотты жапқан кезде ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады.

2. Мұндай депозиттерді туыстарыңызға табыстаған кезде, депозиттегі БЗТ қаражаты БЖЗҚ-ға қайтарылады.

3. Депозитті бөлген кезде тек өз жинақтарыңызды және банк сыйақысын алуға болады, егер депозиттің мерзімі 3 жыл және одан көп болса онда мемлекет сыйлықақысын да қоса аласыз, бірақ БЗТ қаражаты БЖЗҚ-ға қайтарылатын болады.

4. Бір адамның атында бірнеше депозит болса және олардың бірінің құрамында БЗТ қаражаты қосылған депозит болса депозиттерді қосуға болады. Немесе екі адамның депозиттері, ал БЗТ қаражаты депозитті қабылдаушы тараптың атында болған жағдайда қосуға рұқсат беріледі.

5. Интернет-банкингте біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған депозиттерді сатуға тыйым салынады. Оларды үшінші тұлғаның кепілгер депозиті ретінде де пайдалануға болмайды.

6. Бір жолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған «Отбасы банктегі» салымдар үшінші тұлғалардың талаптарынан қорғалатын болады.


Жоғары қарай