Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Зағи Тастанбекқызының Алаш жайындағы бір әңгімесі...

2019 жылдың 21 қыркүйек 2019 10:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Рухани қасиеттерді берік ұстанып, қастерлеп сақтаудың үлгі - өнегесін көрсетуші, айрықша адам – рудың немесе ауылдың жасы үлкен ақылман ақсақалы болған. Себебі ол сол аумақтың көзі тірі ақылманы мен ұстазы. Ал ол өмір тірегі ғана емес, өмірдің өзі әйел – ана болса, қазақ тарихында көп кездесетін аңызға бергісіз оқиғалардың шын екендігіне дәлел.

Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де бірегейіде – біздің қазақ халқы. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында бойымыздағы осы қасиеттерді дамытып, өркениетті мемлекет, еңселі ел қатарына қосылуға белгілеген мынандай жолдар бар: «рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын».

Осы орайда өткен ғасырды көзбен көрген Зағи Тастанбекқызының ғұмыры – ошағымыздың ұйтқысы, береке – бірлігіміздің алтын діңгегі, ұлттық діліміздің дәнекері екендігіне көзіміз жетеді. Өз қолыммен жазып алған өмірбаяндық дерекнаманы назарларыңызға ұсынамын.

«…15 жасымда күйеуге берді. Әкем Жаңбыршының атақты байы, биі қалыңмалға сатты. Қараңғылық пен надандық қой. Әйел теңдігі жоқ 1920 жыл. Оқыған қазақтар татардан қатын алатын. Қазақтың қызы бала тауып, қазан-ошаққа жаралғандай заман еді. Сол пәтуәсіз жиып терген мал мен байлықтың қайыры болмады»,-дейтін әжем Зағи Тастанбекқызы (1905-2001жж). Өмірде ешнәрсе із-түзсіз кетпейді. Өткен жолын жетік білетін халық қана келешегін бағамдай алады. Бағзы заманда бабаларымыз балбалтастарға ойып, қашап жазып кеткендей, өз Отаның, бұл дүниедегі қорғаның мен тірегің болмаса – тағдырың тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты»-, деп көзбен көргендерін жалықпай айтушы еді марқұм Зағи әжеміз.
Сол ашаршылық жылдары Қазақ халқы бұрын-соңды әлем тарихында кездеспеген жойқын репрессияға ұшырады. Тарихтың сол бір қатыгез кезеңінде ұлтымыздың жартысына жуығы қырылды. Зиялыларының басына зауал күн туды. Жұбайы Алаш әскерінің қатарында соғысқан. Сол соғыста алған жарақаттан 1933 жылғы Нәубетте қайтыc болады. Осы ашаршылық кезінде ел Қытайға ауа көшеді. Жаппай аштан қырылады. Нәубет аяғы зұлматқа ұласады. Адамды адам жеген топалаң тағдыр адамдарды азғын етті. Бір уыс бидай үшін кісі өлтіру ғадетке сіңіп, 1937 жылы сол ашаршылықтан аман алып қалған жамағайыны «халық жауы», деп арыз түсіріп, 4 жылға сталиндік түрмеге жабылады. Соғыс кезінде әскери заводта істейді. Соған қарамастан балаларын жеткізеді.

...1997 жыл. Ақын, сазгер, әнші Әсет Найманбаевтың Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылындағы мұражайын аралап жүргенімде көзім бір көнерген фотосуретке түсті. Суретте Алаштың атпал азаматтары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты ортаға алып фотоға түскен бір топ адамдар арасында Әсетпен бірге басына бөрік киіп, шапан жамылған дала қазақтары да бар екен. Сурет тарихын білмек болып мұражай директоры Разуев Әбенді әңгімеге тарттым. - Бұл сурет 1918 жылы мамыр айында Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов бастаған бір топ Алаш арыстарының Шәуешек қаласына келген сәті. Естуімше бұл фотосурет сол кездегі Алаш үкіметінің барлық орталық газеттері мен журналдарына басылған,- деді мұражай директоры. Одан әрі қазбалап сұрап көріп едім Әбен жарытып ештеңе айтпады.

Ақаң мен Жақаң Арқадағы Торғай даласынан ат арылтып Қытайдағы Шәуешекке неге келді? Сонау алыс жерге сапарлаудың бір мақсаты болды ма? Осы бір сауалдар көкейде қонақтап, жатсам-тұрсам ойыма оралғы бола берді. Бала жасымда, ол кезде 10-11 шамасында болуым керек, әжем Тастанбекқызы Гүлзағи күйеу баласы Ажыханұлы Дастарханмен кездесе қалса, Алаш арыстары жайлы әңгімелейтін. Сыбырласып, әрине. Онда мән бердік пе, кейін ғой, ес білгесін «Алаш» ұғымын ұқтық. Сол бала күнгі естігендерімді тірілтпек оймен 92 жасты алқымдаған әжем Гүлзағиды әңгімеге тарттым. Әжем, біраз жасқа келді демесең, әлі де тың, адам таниды. Айтар әңгімесі де анық.

-Әже, сіз баяғыда, күйеу балаңыз Дастарханмен Алаш жайында жиі әңгіме қозғап, оңаша қалғанда ыңылдап «Арғы атам Ер Түрік» деп басталатын Алаш Орданың әнұранын да айтушы едіңіздер. Сол есіңізде ме?,-дедім.

Әжем, біраз үнсіз қалды да, сосын: - Әй, жүгірмек, бала болсаң да біздің әңгімені құлағыңа құйып алған екенсің ғой,-деп сәл жымыйғандай болды. Мен қуана кеттім, ұмытпаған екен,-деп қоям ішімнен. Бірақ, әжем әңгімесін тез бастай қоймады. Жанарын төмен жіберіп, біраз ойланды. Мен, тағатсыздана бастадым, бірақ ойын бұзбауға тырыстым. Кенет, әжем ыңылдай жөнелді:

Арғы атам Ер түрік,

Біз қазақ еліміз!

Самал жел, салқын бел

Сарыарқа жеріміз.

Нәсіп, нәсіп жан-ай,

Жанымызда құрбан-ай

Бас байладық, бел будық,

Бостандықтың жолына-ай.

Қателеспесем, «Алаш» әнұранының сөзі осылай болуы керек, ұмытып қалыппын,-деді де, әңгімесін әрі қарай жалғады.

- Мен 1920 жылы 15 жасымда атаң Садыққа тұрмысқа шығып, Қожақұл еліне келін болдым. Ол кезде Садық 36 жаста еді, бірінші әйелі қайтқанына жыл толыпты. Менімен қатарлас Дәнехан деген қызы бар екен. Естуімше ол өз баласы емес, жақын ағасы Бураханның қызы, бұлар бауырына басыпты. Біз отау құрғасын көп ұзамай жаңағы Дәнехан сол елдегі Дастархан деген жігітке тұрмысқа шықты. Ақкөңіл, жомарт Дастархан бізге қатты бауыр басты. Атаң Садық саятшылықты жақсы көруші еді. Соның аңға мінетін аты мен түлкі-қоянға салатын тазысын күйеу баламыз иемденіп алды. Жан баласына ұстатпайтын бесатар мылтығын да Дастарханның иығынан көретін болдық. Бірақ Садық оның бетін қаққан жоқ. Бірде күйеуімнен : -Мына бесатарды қайдан алдың, мұндай қаруға кез келген қазақтың қолы жете бермейді ғой,-деп сұрағаным әлі есімде. Сонда Садық: «Мен 1918 жылы осы Қожақұл елінен жасақталған Алаш жүздігінің қатарында сарбаз болдым. Әскеріміз Пихот қырғын оқиғасынан кейін тарады да, біз елге қайттық. Қанағат деген болыс қаруларыңды жоғалтпаңдар, өздеріңмен бірге болсын деп бұйырған, содан қалған дүние ғой», - деді.

«Алаш әскеріне қайдан тап болдың?»,-дегенімде ол мына әңгімені айтты.

1918 жылдың мамыр айы болатын, мал төлдеп болып, енді жайлауға көш түзейін деп отырғанбыз. Ол кезде мен Қарағаш болысы билер кеңесінің төрағасы едім. Болысымыз Қанағат- қаракерей Қабанбай батырдың бесінші ұрпағы. Бір күні болыстан шабарман келіп, Шәуешекке Алаш Орда үкіметі басшыларының бірі Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов бастаған бір топ Алаш арыстарының ат басын тірегенін хабарлады. Сол жерде өтетін үлкен жиналысқа болысымыз Қанағат қатысады, жанына сен де ересің. Ертеңнен қалмай болыстың мекеніне кел,-деді шабарман жігіт. Ертеңгісін болыстың ауылына барсам, елдің игі жақсылары осында жүр. Бәрі жолға жиналған. Түс ауа қытайдағы Шәуешекке жол тарттық. Шәуешек біздің жерден қашық, жарамды атпен екі күншілік жол. Жолда Емілге қонып, тағы бір күн тоқтамай жол жүріп, кешкілік Бақтыға ат суыттық. Үшінші күн дегенде Шәуешекке жеттік. Барсақ, біз жиналатын жер патшалық Ресейдің консулдығы орналасқан үй екен. Бізді сол жердегі Найман және Қара Керей руының басшылары Таңғыт, Қожақ, Темірбек, Тілеші, Нұртаза, Үкіртайлар қошеметпен қарсы алып, Найтахмет қожаның мейманханасына орналастырды. Бүгін тынығыңдар, ертең таңертең консулдықтың үйінде жиналыс, сонда жүздесейік,-деді олар. Ертеңіне айтқан жеріне бардық. Қарақұрым халық, Шәуешектің қаратаяқ зиялыларымен бірге татар-өзбек саудагерлері, дүнген, ұйғыр жұртының өкілдері де жиналыпты. Наймандар мен керейлер арасында Қыдыр және Мамырбек төрелер де жүр. Жиынды қысқаша сөзбен ашқан Ахмет Байтұрсынов, сөз кезегін Міржақып Дулатовқа берді. Жақаң 1917-ші жылы желтоқсанда Орынборда өткен бүкіл қазақ съезінде көтерілген мәселелерді алға тартты. Онда Алаш орда үкіметі құрылғанын, Күнбатыста және Жымпитыда Жаханша мен Қалел Досмұхамедовтар Алаштың «Ойыл» атты әскер полкын жасақтағанын айтып, енді өздерінің Жетісу мен Тарбағатайда сондай бір атты полк құру мақсатында келгендерін жеткізді. Әр болыстан ерікті жүз адам атқа қонуы тиіс. Қару-жарақ пен киімді Омбыдағы Колчак әскері бөлетін болыпты. Қазақ автономиясын құру арқылы большивиктер еншілеп кеткен жерлерді қайтарып алу керектігі көзделіп отыр екен. Міржақов Дулатовтан кейін жерлестеріміз Ғалымжан Мәрсеков, Әріп Тәңірбергенов, Отыншы Әлжановтар шығып сөйлеп, қалың ел атынан Байтұрсынов пен Дулатовты қолдады. Батыр баба рухын сөндірмеген Қара Керей Қабанбай ұрпақтары арасында 1916 жылы қара жұмысқа алынып, орыстың тілі мен сырын ұғып қайтқан жігіттер жеткілікті еді, олар бір атты полк құруға келісті. Өзге болыстан да жігіттердің атқа қонатыны белгілі болды. Жиналыстан соң он екі болыс Қара Керейден 12 жүздік және Шәуешектегі діні бір дүнгеннен 1300-дей адам жиналып атты әскер жасақталатын болып уағдаласты. Оған Отыншы Әлжанов басшылық жасайтын болды. Ал, Семей қаласында жүргізілетін әскери жаттығу шаралары патша армиясында болған Қази Нұрмұхамбетовке жүктелді. Біздің Қожақұл елінен де бір топ жігіт атқа қондық. 1916-шы жылы ақ патшаның үкімімен қара жұмысқа алынған Төлеубайұлы Қайратбек, Емілбайұлы Омарғали және мен жүзбасы болып тағайындалып, мамыр айының аяғында Семей қаласына жүріп кеттік. Онда үш ай әскер өнерін үйреніп, қыркүйектің басында елге қайттық. Қанағат болыстың мекені болған Қарағашта жоғарыдағы үшеуіміз өзіміздің елден жасақталған жүздікті тағы да жаттықтыруға кірісіп кеттік. Желтоқсанның басында Семейден Алаш үкіметі тарапынан тағайындалған эскадрон командирлері Кенесары мен Керімбай келіп, біздің дайындығымызды қанағаттанарлық деп тауып, қару-жарақ, оқ-дәрі, әскердің қыстық және жаздық киімдерін үлестірді. Қара Керейдің басқа руындағы Тума, Байғана, Сыбан, Дәулен жүздіктері де толық әскери дайындықта тұрды. 1919 жылдың басында Отыншы Әлжановтан Аягөз жаққа келу туралы бұйрық жетті. Суыт жүріп сонда бардық. Большевиктерге қарсы соғысу үшін Жетісуға баратынымыз белгілі болды. Сондағы соғыста жараланып, мен елге оралдым. Мына қару содан қалып еді,-деді Садық. 1918-ші жылы Ахмет пен Міржақыптың Шәуешекке бару мақсаты осы екен. Жиналыс өткізу үшін патшалық Ресейдің Шәуешектегі консулдығының белді қызметкері орысша, қазақша, қытайша оқыған жерлесіміз Әріп Тәңірбергенов Қытай үкіметінің рұқсатын алыпты. Діни сауатты Әріптің ықпалымен біздің әскердің құрамына дүнген жүздігінің жасақталуы да кездейсоқ емес. 1920 жылдың басында Анненков әскері қызылдардан жеңіліп, Қытайға қашқан кезде жасақталған атты полк тараған. Полк командирі Отыншы Әлжанов үш жүздей әскермен Тарбағатайдағы Мақаншыда қоршауға түседі. Үш мың адамы бар кызыл әскер командирі Мамытов тықсыра жүріп оларды шіркеуге қамап, тірідей өртеп жібереді.

Алаш орда үкіметінің басшылары Сталинмен кездесіп, қазаққа автономия алуға және Алаш қозғалысына кешірім алуға келіскен соң, өз еркімен берілген сарбаздарға тиіспеу жайында нұсқау жасалыпты,-деп айтып еді атаң. Міне, балам, менің Ахмет пен Міржақыптың Шәуешекке барған сапарынан атаң Садықтан естігенім осы ғана,-деп Гүлзағи әжем әңгімесін аяқтады.

Жоғары қарай