Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ядролық қарусыздануда Қазақстанның көшбасшылығы барша әлемге әсер етті - Роберт Флойд

2021 жылдың 27 тамыз 2021 19:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Семей ядролық полигонын жабу арқылы стратегиялық шешім жасады. Бұл туралы Қазақстанға ресми сапармен келген Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Атқарушы хатшысы Роберт Флойд мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, жақында қызметке кіріскен Роберт Флойдтың бұл алғашқы шетелдік сапары болып отыр.

«Қазақстанға жасаған осы сапарым өте маңызды. Осында келуімнің басты себебі – Ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс-қимыл күніне өз үлесімді қосу. Бұл датаға орай Қазақстанда болудың маңызы зор», - деді ол ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингіде.

Сонымен қатар ол Семей полигонының аумағында болғанын айтты.

«Ол жерде орасан зор зардап келтірген ядролық сынақтар өтті. Соның салдарымен күресіп жүрсіздер, яғни тұрғындар денсаулығына елеулі залал келтіріліп, экологиялық апат болды. Атап айтқанда, 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл өз кезегінде стратегиялық шешім болды. Осы шешім басқа елдер үшін сынақтарды тоқтатуға тың серпін берді. Бұл бағытта Қазақстанның көшбасшылығы барша әлемге қалай әсер еткенін байқадық. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тағдыры үшін өзіне жауапкершілік алып, ядролық қарусыздану мен таратпауда жаһандық көшбасшы болды», - деді Роберт Флойд.

Ол бұл бағыттағы Қазақстанның қадамдарын адамзат үшін стратегиялық дұрыс шешім екенін атап өтті.

Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысы Роберт Флойдты қабылдады.

Сонымен қатар, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға ресми сапармен келген Р.т Флойдпен кездесті.



Жоғары қарай