Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Волонтер жылы: ЕҰУ еріктілері 6 бағытта жұмыс істейді

2020 жылдың 28 қаңтар 2020 18:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Волонтерлер жылы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл соңына дейін университет еріктілер қатарына 5 мың студент тартуды жоспарлап отыр.

«Жоғарғы биліктің, мемлекеттің жастарға деген оң көзқарасы нақты істермен көрініп жатыр. Былтырғы Жастар жылы мен биылғы Волонтер жылы - соған дәлел. Тәуелсіз еліміздің азаматы кім болуы керек, оның бойында қандай қасиеттер болуы керек? Ең асыл қасиеттердің бірден-бірі – жақынына көмектесу, мейірімділік, қол ұшын созу, бірлікте болу. Волонтерлік осының барлығына баулиды. Бұл жаңадан пайда болмаған, адам адам болғалы бар нәрсе. Адам – әлеуметтік топ. Тіпті, қолға мал үйретпей тұрғанда да, аң аулап, үңгірде тұрғанда да қар басып қалған көршісін аршып алатын болған. Оған ақы да сұрамайтын. Осындай ниет адамзаттың бәрінде бар. Соны оята білу керек», - деді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов университетте өткен «ENU Volunteers» концертінде.







Сонымен бірге, ректор волонтерлікті науқаншылдыққа айналдырмау қажеттігін еске салды.

«Волонтерлік – бір жылдан кейін ұмытып кететін жұмыс емес. Біздің университетте волонтерліктің негізі қалыптасқан. Мәселен, 2017 жылы ЭКСПО-да мыңдаған студентіміз волонтер болып жұмыс істеді. Соның арқасында өзін тексерді, шыңдалды, тәжірибе жинақтады, түрлі достар тауып, жан-жақты адам болып қалыптасуына мүмкіндік алды. Арыс оқиғасында да студенттеріміз қарап қалған жоқ. Ешкім тапсырма бермесе де, өздері жиналып, 170-ке жуық студент Арыста жаз бойы жұмыс істеді. Біреуі де ақша мен жеңілдік сұрап көрген жоқ. Мұның барлығы қоғамды біріктіреді, халықты, ұлтты біріктіреді. Сондай береке-бірліктен мемлекет те мықты болады», - деді Е. Сыдықов.




ЕҰУ Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Рүстем Әлқожа «ENU Volunteers» жобасын жан-жақты түсіндіріп берді.




«Жоба алты бағытта жұмыс істейді, жыл соңына дейін 5 мыңнан астам студентті осы жобаға жұмылдырғымыз келеді. «Жақсы іс» бағытында ЕҰУ еріктілері қалалық сенбілікке шығу, мектеп оқушыларына арнап семинарлар өткізу, Жеңістің 75 жылдығына байланысты қараусыз қалған қарттардың үйіне барып тазалық жүргізу, күнделікті тұрмысына көмектесу, жер үйде тұратындардың ауласын тазалау жұмыстары жүргізілмек. «Мәдени сұхбат» бағытында – университеттің театр ұжымы, әншілер, оркестрлер балалар үйінде өнер көрсетіп, олардың ой-өрісіне, рухани баюына септігін тигізеді», - деді Р. Әлқожа.




«Қайырымды орта» бағытында – әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар үшін акциялар ұйымдастырылады. Төртінші бағыт – «Өрісті өнерде» университеттің домбыра, қобыз, баян, жетігенде ойнайтын студенттері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін сабақ үйретеді.

«Бесінші бағытымыз – «Таза қала» деп аталады. Еріктілер қоршаған ортаны тазалап қана қоймай, ашық қалған құдықтарды тексеріп, қауіпсіздікке үлес қосады. «Медиа алаң» бағытында – әлеуметтік желі арқылы жастарға ой салатын әлеуметтік маңызы бар бейнероликтер тарату жоспарланып отыр», - деді университет өкілі.




Оның айтуынша, Волонтер жылы аясында Президент тапсырмасымен ерікті студенттерге қосымша ақы төленеді.




Өз кезегінде университет үздік еріктілерді алғысхаттармен марапаттап, жылына 4 рет Зерендіде орналасқан оқу-сауықтыру орталығына демалысқа жібереді.




Ал Студенттер мен магистранттар кәсіподағы үздік еріктілерге, ұйымдастырушыларға стипендия тағайындап отырады.








Жоғары қарай