Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Вокзалдарда мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтаждығы ескерілмеген - Nur Otan

2020 жылдың 11 наурыз 2020 22:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы «Нұрлы жол» вокзалы – мүмкіндігі шектеулі жандардың талаптарына сай толық бейімделген Қазақстандағы жалғыз теміржол. Nur Otan партиялық бақылау комитетінің отырысында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымның дамуы туралы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл 13-21 ақпан аралығында комитеттің жұмыс тобы Қазақстан бойынша 92 көлік нысанын, оның ішінде 25 теміржол вокзалы мен 31 автовокзал, сондай-ақ 24 теміржол және 12 автобус стансасын тексерді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова өз сөзінде, темір жол вокзалдарының 38%-ы ғана ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келтірілген. Дегенмен, мемлекеттік органдардың деректері басқаша сөйлейді.




«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, көліктік қызмет көрсету нысандарын бейімдеу және паспорттау жұмыстары барлық өңірлерде аяқталған. Яғни, нысандар ресми түрде қабылданып, барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді болып саналады», - деді Жанат Омарбекова.

Спикер қоғамдық көлікке ерекше назар аударды. Елімізде тұрақты автобус маршруттарында барлығы 11 563 автобус қатынайды. Алайда олардың төрттен бір бөлігі ғана ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жабдықталған.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау үшін 2 664 автобус немесе 23% ғана бейімделген. Бұл ретте, «Автомобиль көлігі туралы» заңға сәйкес, қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған құрылғылармен жабдықталуы тиіс. Егер тіпті, заң нормалары сақталмайтын болса, онда бұл жерде қандай қолжетімділік туралы айтуға болады» - деді мүгедектер конфедерациясының басшысы.

Айтылған сынға жауап ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов министрлік қоғамдық нысандарға (мектептер, ауруханалар, әуежайлар және т.б.) қатаң бақылау жүргізетінін мәлімдеді.

«Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша 1300 тексеріс жүргізілді. 212 нысан бойынша 46 млн. теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Әртүрлі мекемелердің қолжетімділігінің интерактивті картасы көрсетілген https://inva.gov.kz/kk порталы жұмыс істейді. Оған бүгінде 31 мыңнан астам нысанның дерегі енгізілген. Жергілікті атқарушы билікке мемлекеттік органдардың нысандарын бейімдеу, қайта жаңарту үшін толық көлемде қаражат бөлінбейтінін атап өту керек», – деді вице-министр.

Мәжіліс депутаты, партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев қаржыландырудың жетіспеушілігіне күмән келтірді. Оның айтуынша, халық қалаулылары өңірлерге жиі барып, қолжетімді ортаны құруға назар аударады.

«Саяси ерік бар, жоспар орталық деңгейде бекітілді. Ақша бар, қаржыландырылып жатыр. Тек құмға сіңген судай болып кетіп жатыр. Ал пандус - бұл ғарыш айлағы ма?! Бұл ғимараттың тұрғанына 500 жыл болса да, пандус жасап, навигациялық тақталарды, көрсеткіштерді бекіту қиын емес», - деді комитет төрағасы.

Бүгінгі күні Қазақстанда 700 мыңға жуық мүгедек азамат тұрады, ал халықтың 30%-ға жуығы қауқары аз топтарға жатады.

Айта кету керек, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында елімізде 20 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар нысандар бейімделіп, заңнамаға 78 түзету қабылданып, ҚНжЕ және т.б. қайта қаралды. Nur Otan партиясының 13 мыңға жуық мүшесі – мүмкіндігі шектеулі жандар.


Жоғары қарай