Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Владимир Беккер жылу маусымы алдында тұрғындарға кеңес берді

2019 жылдың 31 қазан 2019 19:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы күзде еліміздің тұрғын үй секторында мыңнан астам өрт тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайдар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді.

«Биылғы 1 қыркүйектен бастап тұрғын үй секторында 1 148 өрт тіркелді. Оның салдарынан 20 адам мерт болып, 34 адам жарақат алды, 6 адам өрт шықпай-ақ, иіс тиіп көз жұмды», - деді В. Беккер елордада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осыған байланысты, ТЖ комитеті тұрғын үйлерде адамдардың улы газдан өлімін болдырмау мақсатында үйді жылыту ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.

«Пеш үстінде және оған жақын жерде отын, киім және басқа да жанғыш материалдарды кептіруге болмайды. Қатты суықта пештің қызып кетуіне жол бермеңіз, пеш пен оның айналасын мұқият бақылаңыз. Мұржаның бітеліп қалуы иіс тиюге әкеп соғуы мүмкін, оны 3 айда бір рет тазалау керек. Газға қатысты барлық жұмысты білікті мамандар істеуі керек. Қандай да бір ақау байқалса, қазандықты сөндіріп, газ қызметіне хабарласыңыз», - деді В. Беккер.

Бұған дейін ТЖ комитетінің төрағасы тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігінің бұзылғанына айыппұл салынбайтынын ескертті және тұрғындарға өрт қауіпсіздігі туралы тексеру жұмыстарына қарсы болмауды өтінді.

Жоғары қарай