Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

Вице-министр: Ресей нарығына енген отандық компаниялар проблемаларын айта бермейді

2019 жылдың 3 қазан 2019 17:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресей нарығына енген отандық компаниялар бетпе-бет келген проблемаларын айтқысы келмейді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ЕАЭО дегенде әкімшілік кедергілерден бұрын өте маңызды мәселелердің бірі – бәсекелестік. Өзіңіз білетіндей, Ресей үлкен мемлекет болғандықтан, онда сапалы тауар шығаратын компаниялардың саны өте көп. Сондықтан, сапалы тауарлармен біріншіден бәсекелестікке түсу керек. Одан бөлек, басқа мемлекеттерден импортталатын тауарлар да бар. Олармен да бәсеке қызу болуы тиіс. Үшіншіден, оларды ұтқаннан кейін ғана кедергілер пайда болуы мүмкін. Мәселен, «Зенченко» компаниясы (РФ нарығына кірген) 5 қыркүйекте сауда сөрелерінде тек 2-3 пайыздық мүмкіндік берілетінін айтқан еді. Ол мәселе бойынша біз Ұлттық экономика министрлігімен жұмыс жүргіздік. Мәселе тексеріліп жатыр», - деді ол ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілерге берген жауабында.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, қазақстандық билік отандық компаниялар бетпе-бет келген мәселелерді шешуге тырысады.

«Көптеген компания бізге проблемаларын айтпайды. Өйткені, олар келесі жолы РФ базарларында тауарымыздың жолы жабыла ма деп қорқады. Жалпы Сауда және интеграция министрлігі қазақстандық тауарлардың шетелде өткізілуіне мүдделі. Біз кәсіпкерлеріміздің мүддесін қорғап, барлық түйінді мәселелерді шешкіміз келеді. Алайда ол проблемалар туралы қорықпай айту керек. Мәселеге кезіктің бе – сабырды түрде сұрақтарды пысықтап, ортаға салу керек. Сонда ғана бізде әріптестерімізге қарсы нақты аргументтермен шыға алар едік. Бәлкім, бір жерде техникалық қателік болуы мүмкін, бір жерде тіпті түсініспеушілік туындаған болар. Сол себепті, біздің тауарды көрші елдердің нарықтары қолдан кіргізбей отыр деуге болмайды. Әрбір жағдайды жеке-жеке қарастырған абзал», - деді ол.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Армения астанасы Ереванда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында бірнеше мәселе көтерген болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, ЕАЭО-да кейде ұлттық нарықтарда өзінің тауар өндірушілерін қорғау маңызды сипатқа ие болып жатады.

«Біз еркін сауда айналымы үшін қажетті нормативті базаны жасадық. Бұл – жетістік. Алайда іс жүзіне келгенде ұлттық нарықтарда жеке жағдайларда өзінің тауар өндірушілерін қорғау талап-тілегі – интеграцияның мақсаты мен міндеттерден маңызды сипатқа ие болып кетіп жатады. Әртүрлі сараптамалар, аймақтық деңгейдегі қосымша талаптар, жасырын нұсқаулар беру мәселесі бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев жиында.

Жоғары қарай