Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ветеринарлық бақылау және қадағалау органдарының бірқатар басшысы сөгіс алды – АШМ

2020 жылдың 25 шілде 2020 19:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ветеринарлық бақылау және қадағалау органдарының бірқатар басшысына сөгіс жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлікте Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің 2019 жылғы және 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов елдегі ветеринарлық қауіпсіздік және эпизоотиялық жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, былтыр 146 аса қауіпті ауру тіркелсе, осы жылдың 6 айында 129 ауру анықталған.

«Былтыр 17 аса қауіпті аурудың алдын алу мақсатында жануарлар мен құстарға 140 млн екпе жасалған. Биылғы жылы 150 млн салынады деп жоспарланған. Өткен жылы 32,5 миллионға жуық жануар тексерілді, Нәтижесінде 54,6 мың бастан бруцеллез анықталды. 2020 жылдың 6 айында 18,7 млн бастан 33 мың ауру белгісі табылған», делінген хабарламада.

Баяндама барысында бас мемлекеттік ветеринарлық инспектор өткен жылы мемлекеттік шекара бойымен 32 ветеринарлық бақылау пункті орналастырылғаннан кейін тауарлардың экспорттық-импорттық қозғалысы кезінде заң бұзушылық азайғанын атап өтті.

А.Өтеғұловтың айтуынша, Қазақстан нарығына кіретін сапасыз өнімдер импорты айтарлықтай төмендеген.

Ведомство қызметкерлерінің басқа да жетістіктері бар. Атап айтқанда, 2019 жылы Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын сақтау ұйымы Қазақстанға шошқаның африкалық обасы мен жоғары патогенді құс тұмауынан азат ел атағын берді. 2020 жылы классикалық шошқа обасынан босатылған ел мәртебесін алдық. Осы уақыт аралығында 3 мыңға жуық қазақстандық ауылшаруашылық тауар өндірушілері өнімдерін экспорттауға арналған шетелдік тізімге енгізілді. Мәселен, 9 қазақстандық компания ҚХР-ға сиыр еті мен қой етін экспорттауға құқылы кәсіпорындар қатарына кірді.

Сондай-ақ, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті қазақстандық шошқа етін, сүт өнімдері мен жүн шикізатын Қытайға экспорттау туралы хаттамаларға қол қойды. Жылқының етін Жапонияға экспорттауға ветеринарлық сертификат келісілді, Еуропалық Одақпен бал және сүт өнімдерін экспорттауға қойылатын талаптарды келісу бойынша келіссөздер аяқталуда.

Алқа отырысында комитет пен аумақтық бөлімшелер жұмысындағы бірқатар заң бұзушылықтар қарастырылып, себептері талданды және оларды шешу жолдары талқыланды.

«Статистикалық есептерде және «Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру» мәліметтерінде көрсетілген мал саны туралы ақпараттарды салыстыру барысында кемшіліктер анықталды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша айырмашылық 11,7% құрады. Бұдан өзге, ауылшаруашылық жануарларының мониторингісі диагностикалық зерттеулеріндегі 3 миллионға жуық тексерісте қателік бар. Сондай-ақ, комитет биотермальды шұңқырлардың тізілімін жүргізбейтіні анықталды: ақпараттық жүйеге мал қорымдары мен сібір жарасынан өлген жануарларды көмудің тек 70% -ы ғана енгізілген», делінген хабарламада.

Жыл басынан бергі камералық талдау нәтижелері бойынша мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін кешіктіру фактісі тіркелген.

«Ветеринариялық-санитарлық бақылаудың дұрыс жүргізілмегені үшін Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Ибраевқа қатаң сөгіс берілді, Ақтөбе, Жамбыл және Павлодар облыстық аумақтық инспекцияларының басшылары Темірбек Нұртазин, Жандар Қоекеев, Рашид Нұрбеков және Атырау мен Түркістан облыстық аумақтық инспекциялары басшысының міндетін атқарушы Ғалымбек Бисенғалиев пен Нұржан Үсенбаевқа сөгіс жарияланды. Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Мұхтаровқа ескерту түріндегі әкімшілік жаза берілді. Маңғыстау облыстық Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының бастығы Қуанышкерей Мырзатовты қызметінен босату туралы шешім қабылданды», делінген хабарламада.

Комитеттің хабарлауынша, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстық инспекцияларының басшыларына, сондай-ақ Шымкенттегі инспекция басшыларына қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр.


Басты сөздер: Мал шаруашылығы, ҚР АШМ,
Жоғары қарай