Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Велосипед ұрлығына тосқауыл қою үшін деректер базасы құрылуда

2020 жылдың 12 тамыз 2020 22:57

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында велосипед ұрыларымен күресу мақсатында деректер базасы құрылып жатыр. Бүгінде оған 1136 велосипед туралы мәлімет енгізілген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрылар көп жағдайда қараусыз қалдырылған велосипедті қолды етеді. Мәселен, Петропавлдағы ЖШС-нің бірінің жұмысшысы Креспостная көшесінде жұмыс істеп жүріп, құны 60 мың теңге тұратын «BMW» велосипедін тротуарда қалдырып кеткен. Ал Копай көшесінде тұратын кәмелетке толмаған қыз бала 76 мың теңге тұратын «Bhawk» велосипедін үйінің жанындағы спорт алаңының маңайына қалдырып кеткен.

Полицейлер күдіктіні тағы бір велосипед ұрлығын тергеу барысында анықтады. Бұл жолы қылмыскер Жамбыл көшесіндегі көпқабатты үйдің подъезіне кіріп, бірінші қабатта тұрған «Bhawk» велосипедінің тросын тістеуікпен кескен. Оның әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазба жедел уәкілдерге күдіктіні анықтауға көмектесті. Ол бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған Петропавл қаласының 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Бас бостандығын айыру орындарынан биылғы жылдың сәуір айында ғана босап шыққан екен.

Аталған фактілер Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Ұрлық» бабы бойынша енгізілді. Екі велосипед алынды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында отыр, оның бұрын жасалған қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.

«Велосипед ұрлығы күн жылынысымен өршиді. Бұл қылмыспен күрес тұрақты жүргізіледі. Қазіргі уақытта полицейлер велосипедтер бойынша деректер базасын құруда. Оған кез келген адам өзінің екі дөңгелекті көлігін тіркей алады. Велосипед ұрланған жағдайда оны базадағы сериялық нөмір мен ерекше белгілері арқылы танып алуға болады. Бүгінгі таңда бұл базаға 1136 велосипед туралы мәлімет енгізілді», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.

Жыл басынан Петропавлда 78 велосипед ұрлығы тіркелді, оның 40-ы ашылған.


Жоғары қарай