Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Вакцина алатын оқушылар тізімі жасалып жатыр деген ақпарат жалған- Нариман Табынбаев

2021 жылдың 7 қазан 2021 17:21

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мектептерде вакциналау үшін 12 жастан асқан балалардың тізімі жасалып жатыр деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балаларды вакцинациялау - бұл өте маңызды мәселе. Ол ата-ананың рұқсатымен ерікті түрде жүргізіледі. 12-17 жас аралығындағы жас құрамына тек мектеп оқушылары ғана емес, сонымен қатар 18 жасқа толмаған бірінші курс студенттері де кіреді. Біз қазір тізімдер дайындап жатқанымыз жоқ, бұл алып-қашпа сөз деп санаймын. Біз түсіндіру жұмыстарын бастап, ата-аналар ерікті түрде келісімін бергенде ғана вакцинаны алғысы келетін қанша бала бар екенін біле аламыз», - деп жауап берді орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нариман Табынбаев.
Бұған дейін қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин балаларға Pfizer вакцинасын алуға болатынын айтқан еді.
«Алматыға Pfizer вакцинасы әкелінсе, біз 306 мың оқушы мен студентке вакцинация жасай аламыз. Бұл иммундық қабатты арттыруға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде ауру деңгейінің төмендеуіне әсер ететіні сөзсіз», - деді Жандарбек Бекшин.


Жоғары қарай