Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұжымдық иммунитет қалыптастыру маңызды болып тұр - Манар Смағұл

2021 жылдың 14 маусым 2021 19:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұл вакцинаның індетпен күрестегі рөлін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екпенің медицинаның ең үлкен жетістігі екенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта вакциналар жұқпалы ауруларға қарсы ең тиімді қорғаныс амалы болып отыр. Екпе жасау арқылы шешек сияқты аурулар жойылды. Вакцинаның тиімділігі мен жетістіктері туралы толассыз айтуға болады. Осыдан 20 жыл бұрын әлем бойынша көп мемлекетте полиомиелит ауруы өршісе, қазіргі уақытта вакцина арқылы оның таралуы азайды. Вакцина егу арқылы қызылша, гепатит және басқа да аурулардың жұғу деңгейі төмендеді», - дейді М. Смағұл.

Осы орайда ол мүмкіндігі бар барлық елдер күш-жігерін коронавирусқа қарсы вакцина жасауға бағыттағанын еске салды.

«Шектеу іс-шаралары жағдайында 1 жылдан астам уақыт тұрып жатырмыз. Бұл тұрғыда вакцина қозғалыс, қарым-қатынас еркіндігін береді. Осы орайда коронавирустың таралуына тосқауыл қоямыз деген ойдамын», - деп атап өтті сарапшы Манар Асырқызы.

Бұл ретте сарапшы коронавирусқа қарсы вакцинаның шығарылуы бүкіл әлемді алаңдатқан індеттің тиімді алдын алу қадамына қол жеткізуді білдіретінін атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, екпе қаншалықты тез дайындалса да, оны әзірлеуге және өндіруге өте жоғары талаптар қойылып отыр.

Атап айтқанда, вакцинаның сапасына қойылатын бұл қатаң талаптар ешқашан өзгермейді.

Екпе жаппай пайдалануға берілсе, демек ол барлық қауіпсіздік талаптарына және әлемдік стандарттарға сай келеді деген сөз.

«Вакциналанған адамдар көп болған сайын, қоздырғыштардың таралу кеңістігі тарылады. Екпе салдырғандар көбейгенде вирустың таралуы да шектеледі. Вакцинация саясаты осыған негізделген. Коронавирусқа қарсы вакциналау туралы айтқан кезде, біздің мақсат – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру», - деді Манар Смағұл.

Сонымен қатар орталық өкілі вирустың жаңа мутацияларына қатысты пікір білдірді.

«Қазір жасалынған немесе қазірдің өзінде мақұлданған COVID-19 вакциналары вирустың жаңа нұсқаларынан кем дегенде белгілі бір дәрежеде қорғауды қамтамасыз етеді, өйткені олар әртүрлі антиденелер мен жасушалардың қатылуымен кең иммундық жауапты тудырады. Сондықтан вирустың өзгеруі немесе мутациясы вакциналардың тиімділігін жоққа шығармауы керек», - дейді Манар Асырқызы.


Жоғары қарай