Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз – «Қазавтожол» елордадағы Қабанбай батыр даңғылының кеңейтілуі жайлы

2020 жылдың 12 қараша 2020 23:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазавтожол» компаниясы Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылының кеңейтілуі бойынша жобалық шешімдердің ұсыныстарын қабылдауға дайын. «Қазавтожол» ҰК» АҚ Торапты дамыту департаментінің директоры Жамбыл Бақтияр осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен бізге Қабанбай батыр көшесін толығымен қайта құрылымдау туралы ұсыныс түскен болатын. Олар техникалық-экономикалық негіздемені әзірледі. Оның болжамды құны – 89 млрд теңге. Бұл алдын ала есептелген болжамды сома. Олар (әкімдік) техникалық-экономикалық негіздемені құрып, сараптамадан өткізіп, бізге ұсынды. Ол жерде таза құрылыс жұмыстарының үлесі – шамамен 20 пайызды құрайды. Қалған шығындардың бәрі де коммуникация мен кәріз су жүйесін көшіру, қаланы көгалдандыру шаруаларымен байланысты», - деді Жамбыл Бақтияр «Қазавтожол» компаниясының Instagram парақшасында сұрақтарға жауап бере отырып.

Оның айтуынша жобаны әзірлегеннен әкімдік үш мәселені ретке келтіруді көздейді.

«Өздеріңіз білетіндей, Қабанбай батыр көшесінің бойында зәулім үйлер бой көтеріп, қала сол көшенің бойында өсіп-өркендеп келеді. Сол себепті ол көшенің бойындағы коммуникация жаңғыртуды талап етеді. Сол үшін әкімдік осы жобаның есебінен коммуникациялық мәселелердің бәрін ретке келтіруді көздеп отыр. Қазір бұл мәселе терең талдануда. Жергілікті халық тарапынан да осы көшенің құрылысына деген назар ерекше. Сондықтан жобаның қай бөлігін оңтайландыруға болатынын қарастырып жатырмыз. Осы сәтті пайдаланып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін кезде кімнен болса да жобалық шешімдер бойынша ұсыныстарды қабылдап, қарастыруға дайын екенімізді айтқым келеді. Жобалық шешімдердің бәрі де ашық көздерде жарияланады. Әр адам жобалық-сметалық құжаттаманы көре алады», - деді ол.

Еске сала кетсек жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елорда әкімі Алтай Көлгінов Қабанбай батыр даңғылын 8 жолаққа дейін кеңейтілетінін мәлім еткен еді.



Жоғары қарай