Ауа райы
Астана 26 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Үш ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталықтары құрылады - Жамбыл облысы

2020 жылдың 28 мамыр 2020 17:36

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Байзақ, Мойынқұм, Сарысу аудандарында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтарын құру жоспарланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимараттарға еркін кіріп-шығуы, қала ішінде жүріп-тұруы, өздерін қауіпсіз сезінулері үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мәселелері сараланды.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 46 356 мүмкіндігі шектеулі азамат бар болса, оның 6629-ы балалар. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биылғы жылы жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 9900 мүгедекке әлеуметтік көмек көрсетілген.

6629 мүмкіндігі шектеулі баланың 659-ның тірек-қимыл жүйесі бұзылған және 1813-і жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан.

Осы орайда Тараз қаласы, Жамбыл, Қордай, Меркі және Шу аудандарында мұндай орталықтар мемлекет тарапынан ашылған. Ал, Тұрар Рысқұлов және Жуалы аудандарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы қызметтер көрсетілуде. Бұл аудандарда ғимарат мәселесі шешілмегендіктен, орталықтар жалға алынған, тиісті жағдай жасалмаған нысандарда орналасқан.

Бердібек Сапарбаев екі аудан әкіміне тиісті ғимараттарды табу керектігін ескертті.

Сондай-ақ, Талас ауданында осындай орталыққа ғимарат сатып алуға жергілікті бюджеттен 21 миллион теңге бөлінген. Ендігі кезекте Оңалту орталықтарын Байзақ (201 бала), Мойынқұм (44 бала), Сарысу (100 бала) аудандарында ашу қажеттігі туындап отыр. Бердібек Сапарбаев үш аудан әкіміне қажетті қаражат көздерін қарастырып, уақыт созбай орталықтарды ашуды тапсырды.

Салалық басқарманың мәліметтері бойынша, мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тиісті 1030 нысанның толығымен паспорттары дайындалып, бүгінгі күнге 994 нысанда бейімдеу жұмыстары аяқталған.

Айта кету керек, олардың 240-ы ғана толықтай бейімделген. Қалғандары тек пандус пен тақтайшалар орнатумен шектелген.

Бердібек Сапарбаев аудандар мен облыс орталығының әкімдеріне мүгедектерге қоғамдық орындарда және мекемелерде тиісті деңгейде жағдай жасау үшін жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Айталық, әлі күнге аялдамалар, тротуарлар, арнайы бағдаршамдар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделмеген.

- Ерекше қажеттіліктері бар адамдар өз туған қаласында жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуы керек. Біз қолжетімді, кедергісіз орта құруға тырысудамыз. Олар қалада еркін жүріп-тұрып, дүкендерге, театрларға және басқа да ойын-сауық орындарына барып, қоғамдық көлікті қолдана алуы тиіс. Алайда, қарапайым жаяу жүргіншілер жолағынан өту мүмкін болмаса, басқаларға қалай қол жеткізуге болады? – деп ескерткен облыс әкімі Тараз қаласының басшылығына осы секілді мәселелерді шешуді тапсырды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды мәдени және спорттық шараларға белсенді түрде тарту қажеттігін баса айтты.


Жоғары қарай