Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұлыбританияда қымыз қаншадан сатылады

2020 жылдың 12 тамыз 2020 09:42

ҰЛЫБРИТАНИЯ. ҚазАқпарат - Бұған дейін назардан тыс қалып келген жылқы сүті еуропалықтардың және америкалықтардың қызығушылығын оятып жатыр. Оған зерттеуші Мишель Факсия және оның әріптестері Animals журналында жариялаған ғылыми мақаласы дәлел. Жылқы сүтінен жасалған қышқыл сүт өнімінің денсаулыққа пайдалы екендігін білген британиялық компаниялар да қымыз сатумен айналысып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде сиыр сүті бүкіл әлем тұтынатын сүттің 82% -ін құрайды. Қалған бөлігі ешкі және қой сияқты жануарларға тиесілі. Тек 1 пайызға жетер жетпес сүт жылқы, түйе, есек және қодастан сауылады.

«Бүгінгі таңда соңғыларының сүті тек инновациялық өнім емес, сонымен қатар денсаулыққа пайдалы екендігін дәлелдейтін ғылыми ізденістер көп», дейді ғалымдар. Әлем бойынша жылқы саны 60 миллионнан асады. Сиыр сүтіне қарағанда жылқы сүтінің майы және ақуызы аз, бірақ лактозаға бай және адам сүтіне ұқсас екен.

Пандемия кезінде қымызға деген сұраныс артқан. Сусынның құрамында вирустан қорғап, иммунитетті нығайту үшін керек С дәрумені бар. Сондықтан дәрігерлер аурудың алдын алу үшін немесе одан оңалған кезде қымыз ішуге кеңес береді. Жылқы сүті, сонымен қатар, өмірлік маңызы бар А, В1, В2, В6, В12, К сияқты дәрумендерге бай. Олардан бөлек құрамында жоғары қан қысымын төмендетіп, уайымшылдықтан құтқаратын калий минералы бар.

Сонымен қатар жылқы сүті тез қорытылады. Ас қорыту жүйесіне ол жеңіл әсер етіп, іштің кебуі және қатуы, асқазанның бұзылуы сияқты симптомдардың азаюына ықпал етеді. Аттай шауып кетуге көмектесіп, қуат беретін темір, кальций және фосфор сияқты минералдар да осы қымыздан табылады. Оның адам терісіне тигізетін пайдасы да шаш етектен. Псориаз және экземамен ауыратын адамдарға таптырмас ем. Жылқы сүті құрамында микробқа қарсы қасиеті бар лизоцим ферменті бар, дейді британиялық Кромвель фермасына тиесілі интернет дүкен.

Ұлыбританияда көпшіліктің сұранысына ие болып келе жатқан компанияның парақшасында жазылғандай мұнда жылқы сүтінен жасалған өнімдердің түр-түрі саудаланады. Бағасына келетін болсақ орта есеппен алғанда органикалық, пастерленген құтыдағы қымыздың 250 грамы ұлттық валютамызға шаққанда 3 650 теңге тұрады. Бұдан бөлек компания жылқы сүтінен жасалған қол күтіміне арналған 50 миллиграм кремдерді 10 000 теңгеге сатады.

Кромвель фермасы Англияның оңтүстік батысындағы Сомерсет ағылшын графтығындағы Комб-Хэй ауылында орналасқан. Бұл 40 жылдан бері келе жатқан отбасылық бизнес және Ұлыбританиядағы жылқы сүтінің саудасымен айналысатын жалғыз компания, делінген сайтта.


Жоғары қарай