Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ұлттық қордың валюталық активтері 55,1 млрд долларға жетті

2021 жылдың 9 қараша 2021 18:18

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ұлттық қордың валюталық активтері 55,1 млрд долларға жетті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордың валюталық активтері өткен айда шамалы ғана өзгеріп, қазанның соңында 55,1 млрд долларға жетті.

Кепілдік берілген және нысаналы трансферттерді бөлу үшін қазанда валюта нарығында 988 млн АҚШ доллары сомасына активтер сатылды, бұл 420 млрд теңгеге балама мөлшерді білдіреді.

Бұл ретте, республикалық бюджеттің қажеттілігін қанағаттандыру үшін Ұлттық қордан шамамен 428 млрд теңге трансферттер бөлінді»,- дейді ол.

Спикердің сөзінше, қазанда қорға түскен түсім 103 млрд теңге болды.

«Егер қыркүйекте біз нарықтардағы айтарлықтай түзетудің куәсі болсақ, қазанда акциялар нарығының қалпына келуі және оның одан әрі өсуі байқалды.

Нәтижесінде, қазанның қорытындысы бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісі оң қалыптасты және негізінен акциялар мен алтынның тиісінше 5,69%-ға және 3,78%-ға өсуі есебінен 871 млн АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордың активтерін теңгерімді аллокациялау есебінен инвестициялық кіріс жыл басынан бері қалпына келіп, 2 млрд АҚШ доллары немесе 3,44 пайыз болды»,- деп нақтылады Әлия Молдабекова.

Соынмен қатар, ол қараша айында акциялардың өсімі жалғасатынын жеткізді.

«Осыған байланысты осы айдың басынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық кірісі тағы да 470 млн АҚШ долларына өсті және жылдан басынан бастап 2,45 млрд АҚШ доллары немесе 4,3% болды»,-деді Ұлттық банк өкілі.


Жоғары қарай