Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өңірлерге сапары Маңғыстаудан басталды

2021 жылдың 5 мамыр 2021 17:18

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Президентінің көмекшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин бастаған қоғамдық сенім кеңесінің бір топ мүшесін облыс әкімі Серікбай Трұмов қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы билік пен қоғам арасындағы алтын көпірдің қызметін атқарып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға зор үлес қосып жүрген кеңестің жұмысына сәттілік тіледі.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі - түйткілді мәселелердің түйінін тарқататын, халықтың озық идеялары мен ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыратын алаң. Алғашқы кезеңде қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастап, бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналып отыр. Бұл бағытта сіздердің атқарып жүрген жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін»,-деді С.Трұмов.




Сондай-ақ, облыс әкімі кеңес мүшелеріне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелерінен хабардар етті.

Ұлттық кеңестің мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Расул Жұмалы Маңғыстаудың өзге өңірлермен салыстырғанда қарқынды дамып жатқанын айтты. «Салыстырмалы түрде автожолдардың сапасы көңіл толарлық. Облыста халық санының өсуі де – бұл өмір сапасының жақсарғанының көрсеткіші. Туризм саласына да ден қойылып жатыр екен. Осы тұста менің ұсынысым бар. Маңғыстауды еліміздің мәдени орталығына айналдыру қажет. Оған барлық мүмкіндік бар»,-деді Р.Жұмалы.

Ал, «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова соңғы жылдары Ақтаудың жаңарғанын тілге тиек етті.

«Ақтауға осыдан оншақты жыл бұрын келген едім. Көп өзгерісті көріп көңілім толды. Мен құқықтанушы болғандықтан құқық қорғау органдарының жұмысымен таныстым. Жүйелі жұмыстар жасалған екен. Алайда, әлі де толықтыратын мәселелер жетерлік»,- деді Жеміс Өтегенқызы.

Ерлан Қарин бастаған Ұлттық кеңес мүшелері жұмыс сапары аясында облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен, зиялы қауым өкілдерімен және студенттермен кездесу өткізіп, өңірдің өзекті мәселелерін талқылады.

Ұлттық кеңес мүшелері Маңғыстау өңірінен соң жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына барады.















Жоғары қарай