Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ұлттық кеңес Президенттің жаңа реформалар жоспарын қолдайды: Кәсіпкерлер қираған ғимараттарды қалпына келтіруге көмектесуі керек – Исламбек Салжанов

2022 жылдың 13 қаңтар 2022 15:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәсіпкерлер қираған ғимараттарды қалпына келтіруге көмектесіп, жаңа Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуы керек. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Аltyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шын мәнінде біздің еліміз қайғылы оқиғаны бастан өткерді. Президенттің батыл шешімінің арқасында өз Тәуелсіздігімізді сақтай алдық. Әрине, болашақта мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз керек. Президент ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында ерекше үндеу жасады. Біз бәріміз, соның ішінде кәсіпкерлер де жаңа Қазақстанды құру үшін Мемлекет басшысының реформаларын қолдауға тиіспіз. Қазір бәрі артта қалды. Президент өз сөзінде 30 жылда көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар қордаланғанын, олардың да қазіргі жағдайға түрткі болғанын айтты. Мемлекет басшысының әлеуметтік бағдарланған жаңа Қазақстанды құруымыз керек деген жаңа үндеуі айтылды, бұл тұрғыда халықтың арман-үміті мен қажеттіліктері, әлеуметтік әділет бірінші орында болуы тиіс», - деп атап өтті И. Салжанов.

Сол себепті спикер ең алдымен, Қазақстан Тәуелсіздігінің арқасында 30 жылда қалыптасқан кәсіпкерлер Президенттің айналасына бірігіп, бірінші кезекте қираған ғимараттар мен нысандарды қалпына келтіруге, жаңа Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуға тиіс деп есептейді.

«Бірінші кезекте, бұл Президент айтқан ірі компанияларға тікелей қатысты, олар шын мәнінде бақуатты және Қазақстанның қарапайым халқына бет бұруға мүмкіндігі бар. Оған біздің халқымыз әбден лайық. Біз барлық жинақталған мәселелерді шешуіміз керек. Жеке өзім Қазақстанның дамуында жаңа дәуір басталып жатқанына сенемін», - деді Исламбек Салжанов.

Айта кетейік, Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына үндеуінде айтылған бастамаларын талқылады.


Жоғары қарай