Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ұлттық кеңес отырысында Президент қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерді - Айгуль Соловьева

2020 жылдың 24 қазан 2020 16:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет басшысы қоғамда көтеріліп жүрген мәселелерге ерекше назар аударды. Бұл туралы Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық кеңес отырысында Президент негізгі саяси реформаларға тоқталды. Оның ішінде саяси партиялардың Парламент сайлауына қатысуы бөлігіне назар аударды. Аталған кеңес қоғамдық ұйым болғандықтан, Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау мәселесіне негізгі екпінді қойды. Осы орайда бала құқығын, мүмкіндігі шектеулі жандар құқығын қорғауға қатысты тоқталды. Осының барлығы әлеуметтік желілерде, қоғамда талқыланып жүрген мәселелер еді», - деді А. Соловьева.

Сонымен қатар ол кеңес отырысында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер қаралғанын айтты.

«Еңбек мигранттары мен қоныс аударушыларға қатысты тақырып қозғалды. Бұл тақырып адам құқығын қорғауға тікелей байланысты. Менің ойымша, Президент өз сөзінде ел ішінде көтерілген нақты қоғамдық маңыздағы мәселелерге айрықша тоқталды. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысы халықтың пікірін, әлемдік аренадағы жағдайды зерделеп, оған мән беріп жүргенін білдіреді. Осы орайда біздің Президенттің БҰҰ-дағы жұмысы бойынша үлкен тәжірибесі бар екенін ұпытпауымыз керек. Сәйкесінше, Мемлекет басшысы барша өркениетті елдерде бар көпшілік қабылдаған әлемдік нормалардан Қазақстан алшақтамауы керектігін түсінеді», - деді Айгуль Соловьева.

Айта кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекеттік ынталандыру тетіктері қарастырылуы керектігін айтқан болатын.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы еңбек миграциясы мәселесін көтерді.


Жоғары қарай