Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Үкіметте зейнетақы жинақтарын тұрғын үй мен білім алуға пайдалану мәселелері талқыланды

2019 жылдың 18 қазан 2019 13:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке жұмыс істейтін азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырған еді.

Отырысқа ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бұдан өзге, жұмыс тобының құрамына «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова, «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығы» ҚҚ директоры Рахым Ошақбаев, «First Heartland Jysan Bank» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Болат Жәмішев, «КМГ Инжиниринг» ЖШС бас директорының кеңесшісі Жақсыбек Күлекеев, сонымен қатар, басқа да сарапшылар мен қоғам қайраткерлері кіреді.

Отырыс барысында «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов Қазақстандағы зейнетақы жүйесін дамытудың кешенді талдамасы бойынша актуарлық есеп айырысу жүргізу нәтижелерімен таныстырды.

Боған қоса, қартаюына байланысты еңбекке қабілетті халыққа түсетін жүктеменің ұлғаюы жағдайында үлестіру типі жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшудің жаһандық беталыстары байқалады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыс тобына тұрғын үй мен білім алу үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану бойынша ұсыныстарын ұсынды.

Міндетті әлеуметтік төлемдерді уақытылы әрі толық төлеуге бақылауды күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қаржы министрілігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мамаев айтып берді.

Отырыс кезінде аталған мәселелер бойынша сындарлы талқылау болып, тиісті ұсыныстар берілді.

Осы жылдың соңына дейін жұмыс тобы ұзақмерзімді актуарлық модельдерді құру негізінде зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді.

Жоғары қарай