Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Үкімет резерві қаражаты есебінен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу механизмі бекітілді

2022 жылдың 18 қаңтар 2022 21:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер нәтижесінде келтірілген залалдарды жою мәселелері жөніндегі Үкіметтік комиссияның кезекті отырысын өткізді. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлайды.

Өңірлердің әкімдіктерімен және мүдделі мемлекеттік органдармен орын алған тәртіпсіздіктер нәтижесінде келтірілген залалды өтеу және қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев және Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары егжей-тегжейлі баяндама жасады. 8 өңірде 270 нысан, оның ішінде 45 әкімшілік және 225 коммерциялық ғимарат зардап шекті. 44 әкімшілік нысанды қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды, ал Шымкент және Алматы қалаларында 12 коммерциялық нысан бойынша жұмыстар аяқталды.

Бұдан басқа, комиссия отырысында Үкімет резерві қаражаты есебінен шағын және орта бизнес өкілдеріне келтірілген залалды өтеу механизмі бекітілді. Бекітілген механизмге сәйкес кәсіпкерлердің жылжымайтын мүлік объектілері бойынша залал расталған сметалық құжаттама негізінде өтелетін болады. Бұл ретте жоғалған тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша өтеу көлемін өңірлік комиссиялар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, растайтын фискалдық құжаттарды негізге ала отырып айқындайтын болады.

Р. Скляр зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру және тексеруді аяқтау бойынша жұмыстарды жеделдету, сондай-ақ қабылданып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету туралы тапсырма берді.


Жоғары қарай